Алдымызда бүгінгі медианың барлық талаптарына жауап беру міндеті тұр - Ерлан Қарин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяуда «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған Ерлан Қарин Фейсбуктағы парақшасында еліміздегі ең ірі медиа құрылымдағы жаңа қызметіне қатысты пікірін жеткізді.

«Телерадио кешені бұған дейін де журналистиканың, ағартушылықтың, ел дамуындағы биік жетістіктерді көрермен қауымға жеткізудің бірегей қайнары болып келді. Алдымызда ұжымның жұмысын одан әрі жетілдіру, дәстүрін сақтау арқылы замана көшіне ілесіп, талғампаз көрермендердің үдесінен шығу, бүгінгі медианың барлық талаптарына жауап беру міндеті тұр. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырза телерадиокорпорацияның алдында нақты жаңа басымдықтарды айқындады. Жүктелген жаңа міндеттерді атқаруға бар күшімізді саламыз», деп жазды корпорацияның жаңа басшысы.

Корпорацияда жалпы саны 2 мыңнан астам адам қызмет етеді. Оның құрамында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «KAZsport» телеарнасы, «Балапан» телеарнасы, Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосы, «Classic» радиосы секілді өз аудиториясын қалыптастырған, көрермендері мен тыңдармандарына сапалы контент ұсынып келе жатқан үлкен жобалар бар. Одан бөлек аймақтық арналар мен бірнеше интернет сайт жұмыс істейді. 

«Қазақстан» Телерадиокорпорациясы - Қазақ ақпарат кеңістігінің қара шаңырағы. Бұл жерде Қазақ руханиятына қызмет атқарған, еліміздің ақпарат саласына еңбегі сіңген көптеген әйгілі тұлғалар, қазақ журналистикасының майталмандары қызмет атқарды. Еліміздегі ең ірі медиа құрылымда қызмет атқару - бірнеше ұрпақтың тағдырына жалғасқан сабақтастықты көтере білу, әрі иісі қазақтың алдында жауапкершілік жүгін арқалаумен тең. Ең алдымен, осындай жауапты жұмысты сенім артып тапсырған Елбасыға алғыс айтқым келеді. Қандай қызметте болсам да Елбасының қолдауын, демеуін көріп келемін. Бұл жолы да Мемлекет басшысының сенімінен шығуға тырысамын», - деп жазды ол. 
Ерлан Қарин бұрынғы әріптестері ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтымен алдағы уақытта да байланыста болатындығын тоқтала кетті. «ҚСЗИ ұжымына, осы сала бойынша әріптес болған тұлғаларға ерекше ризашылығымды білдіремін. ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтында екі жарым жыл ішінде әріптестердің табандылығы мен кәсібилігінің арқасында табысты жұмыстар атқардық. Алдағы уақытта да әріптестік байланыста боламыз деген сенімдемін», - деді Қарин.

Еске сала кетсек, 9 ақпанда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымына жаңа басшы Ерлан Қаринді таныстырған болатын. 

Соңғы жаңалықтар