Алдияр Байракимовтың фильмі Минскіде үздік сценарий жүлдесін иеленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «На грани» көркем фильмі Минскіде, қарашаның 2 мен 9 аралығында өткен «Листопад» халықаралық кинофестивалінің жасөспірімдер конкурсында қазылар алқасының «Үздік сценарий»  арнайы жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.

Жасөспірімдер «Листопадик» конкурсында Беларусь, Эстония, Тайвань, Сербия, Италия және Кениядан қатысушылар бақ сынаған. 

Аталған кинотуынды бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, алайда тағдырлары кездейсоқ тоғыстырған жасөспірімдер туралы баяндайды.

«Жеңісті күтпеген едім. Өйткені мықты конкурс және қатысушылар да осал емес болатын. Қобалжығаным соншалық, сахнаға шыққанда ойымды жинақтай алмай қиналдым. Менімен қатар, сербиялық фильмге Беларусь еліндегі ЮНИСЕФ қоры жүлде табыстады. Осы фильмді түсірген топқа рахмет айтамын. Фильмнің қосалқы сценарин жазған Венера Қайыржанова мен Болат Ысқақовты да құттықтаймын.  Өйткені, қысқа мерзімде сценарийді толық жазуға атсалысты. Фильмді қарапайым көрермен де кәсіби орта да жақсы қабылдап жатқаны қатты қуантады. Фильмнің бұл екінші фестивалі және алғашқы жүлдесі», - деді фильмнің режиссері Алдияр Байракимов.
Жыл сайын қараша айында «Лістапад» ХКФ Минскіге әлемнің әр елінен фильмдер әкеледі. Негізгі конкурстық бағдарламасында жаңа деректі және көркем фильмдерге басымдық береді. Олардың қатарында: ТМД, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия, Балтық елдері, Шығыс және Орталық Еуропа бар. Осы өңірдің халықаралық фестивальдерден үздік деп танылған фильмдері Минскі ХКФ жүлдесіне таласады. 

Еске сала кетсек, бұған дейін «На грани» фильмі 2-9 қыркүйек аралығында Ресейдің Анапа қаласында өткен XXVII «Киношок» ашық кинофестивалінің байқауына қатысқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар