Алдағы жылы елорда түркі мәдениетінің астанасына айналатын болады

None
None
ТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық.

Сондықтан Елбасының қолдауымен Астана қаласында 2010 жылы түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық - Түркі академиясы шаңырақ көтерген болатын. Түркі академия аясында түркі тарихы мен мәдениеті, түркі тілін зерттеу орталықтары, кітапханасы, сондай-ақ жалпы түркі тарихының мұрағаты құрылды. Түркі әлемінің барлық ғылыми әлеуеті осы арнаға бағытталуы қажет. Астанада «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев осылай мәлім етті.

Сонымен қатар, вице-министр түркі халықтарының мәдени, рухани мұрасын зерттеу жұмыстары Түркі академиясымен шектеліп, аяқталмауы тиістігін атап өтті. «Айта кетерлік жайт, келесі жылы елордамыз Астана - түркі мәдениетінің астанасына айналатын болады. Қазір сондай жобамен жұмыс жалғасуда. Ауқымды жобаның аясында түркілік мәдениетке, тарихқа, бірлікке, ықпалдастыққа қатысты көптеген конференциялар жоспарлануда», - дейді Ғ. Телебаев. Оның айтуынша, қазіргі таңда түркі тілдерінің тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен этнографиясын, терминологиясы мен ономастикалық кеңістігін, әліпбиі мен жазу жүйесін зерттеп, сол арқылы қол жеткізілген ғылыми жаңалықтарды іс жүзіне асыру маңызды болып табылады. Бұл ретте вице-министр байырғы түркі ескерткіштері мен Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазулардың сыры әлі түгел ашылып болмағанын атап өтті.

«Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы. Еліміз егемен болғаннан бастап отандық түркітануда көптеген игі істер атқарылды. Түркітануға еркін жол ашылды. Көк тәңірінің қазақ даласына берген осы бір сыйына шүкіршілік ете отырып, түркітануды бұрынғыдан да мығым ету бізді күтіп тұр. Бұл мақсатта ғылыми парасаттылықпен аса жоғары біліктілікте аянбай тер төккен абзал. Бабаларымыздың әрқилы тарихын болашаққа арқалап жеткізу бүгінгі ұрпақтың парызы әрі міндеті», - деді Ғ. Телебаев.

Соңғы жаңалықтар