Алдағы жеті жылда трансшекаралық өзендердің ағыны 10-15% қысқаруы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2030 жылға қарай трансшекаралық өзендердің ағыны шамамен 10-15%-ға қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған ҚР Су кодексі жобасының тұжырымдамасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағынсыз бассейндер және көл бетінен буланудың жоғары деңгейі оларды ұстап тұруға арналған судың едәуір шығынына алып келеді. Қазір табиғи-шаруашылық жүйелердің су ресурстарына экологиялық сұранысы - шамамен 64 млрд текше метр. Сонымен қоса, көршілес елдердің экономикалық және әлеуметтік дамуының жеделдеуі салдарынан жылдам қысқарып келе жатқан жерүсті суының 44%-ын құрайтын Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан келетін трансшекаралық өзендерге тәуелділік бар. Болжамға сәйкес, трансшекаралық өзендердің ағыны 2030 жылға қарай шамамен 10-15%-ға қысқаруы мүмкін», - делінген құжатта.

Министрлік мәліметінше, бұл бағытта тиісті шаралар қолданылмаса, онда 2030 жылға қарай 23 млрд текше метр көлемінде су тапшылығы болады.

«Мұндай су тапшылығы көл және өзен экожүйесінің және балық аулау кәсіпшілігінің, әсіресе Балқаш көлінде, Іле өзенінің атырауында, орталық Қазақстанның, Солтүстік Аралдың және тағы да басқа су айдындары көлемінің төмендеуіне алып келуі мүмкін», - деп көрсетілген тұжырымдамада.

Министрлік мәселенің шешімі ретінде ҚР Су кодексін қабылдауды ұсынады.

Ол арқылы ресурстарды пайдалануды реттеу мәселесін реттеу жұмыстары қолға алынбақ.

Сонымен қоса, суды үнемдеу шаралары қабылданып, жаңа технологияларды енгізу мүмкіндіктері қарастырылады.


Соңғы жаңалықтар