Алдағы үш жылдық кезеңде республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 40 пайызын әлеуметтік сала құрайды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бюджет жобасында әлеуметтік саланы қолдауға және дамытуға арналған шығыстардың жыл сайынғы өсуі көзделіп отыр.

Бұл алдағы үш жылдық кезеңде республикалық бюджеттің барлық шығыстарының шамамен 40 пайызын құрайды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бюджет саласында зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік стипендияларды 2010-2012 жылдары тиісінше 25 пайыз бен 30 пайызға көтеру сақталады. Сонымен бірге, 2010 жылы елдің экономикасы әлі де қиын жағдайда болатынын ескере отырып, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын шілденің 1-інен бастап көтеру көзделеді. Бұдан басқа әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек саласында орташа зейнетақы мөлшерін 2010 жылы 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға, 2012 жылы 10 пайызға ұлғайту көзделеді», деді Б. Сұлтанов. Министрдің пайымдауынша, атқарылған шараларға байланысты жан басына шаққандағы кірісті өсіріп, халықтың сатып алу қабілетін көтеруге, тауар айналымы мен көрсетілетін қызметтер көлемінің өсуіне мүмкіндік туады. Ал бұл өз кезегінде тұтастай экономикаға әсер етпек. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері орташа есеппен алғанда 9 пайызға ұлғаятын болады.

«Бала тууды ынталандыру және демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақыны көтеруге, 2010 жылдан бастап 4-ші және одан көп бала тууына арналған біржолғы жәрдемақының мөлшерін ұлғайтуға қаражат көзделіп отыр. «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған және бұрындары «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналардың арнайы мемлекеттік жәрдемақысының мөлшерін 3,9 айлық есептік көрсеткіштен 6 айлық есептік көрсеткішке көтеру 2010 жылы жүзеге асып, бұл  221 мыңнан астам адамды қамтитын болады. Бұған бюджеттен 22,6 млрд. теңге қарастырылады», деді Б. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар