Алдағы үш жылда сарбаз асханаларының бәрі жөнделеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазір әскери қызметшінің тамақтану құрамына 48-ден 61-ге дейін тамақ өнімдері кіреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қарулы күштерде заттай мүлікпен қамтамасыз ету және тамақтандыруды ұйымдастыру» тақырыбында өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарулы Күштерді дамытудың басты бағытының бірі – тылдық қамтамасыз ету. Сарбаздың әрқашан қарны тоқ, мұнтаздай таза, әскери киіммен, медициналық көмекпен ұдайы қамтылған болуы керек. Оның тұратын жері санитариялық-гигиеналық талаптарға сай болуы қажет. Ал техника барлық жанармай түрімен уақтылы толтырылуы тиіс», - деді брифингте ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов.

Оның сөзіне қарағанда, Қарулы Күштерде бүгінге дейін тамақ өнімдерінің ассортиментін жақсарту бағытында тамақ рационының нормалары үш рет өзгерген.

«Бүгінгі таңда әскери қызметшінің тамақтану құрамына 48-ден 61-ге дейін тамақ өнімдері, сиыр, құс және балық еті, ірімшік, шұжық және сүзбе, қаймақ, жемістер мен табиғи шырындар, дәруменді қоспалар, гематоген және басқа да өнімдер кіреді. Ал 2018 жылдан бастап тұрақты жауынгерлік дайындықтағы әскери бөлімдерде взвод командирінен рота командиріне дейінгі офицерлерге және келісімшарт бойынша барлық әскери қызметшілерге мемлекет есебінен тегін түскі ас беріледі. Тамақтандыру нысандарын жақсарту аясында алдағы үш жылда біз сарбаз асханаларының бәріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, дүкендерді заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар