Алдағы үш жылда Нұр-Сұлтан бюджетіне 1 трлн 208 млрд теңге түседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022-2024 жылдары елорда бюджетіне 1 трлн 208 млрд теңге түседі. Бұл туралы «Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасы туралы» қоғамдық тыңдауда қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің айтуынша, үш жылдық бюджет параметрлері қазіргі жағдай мен 2026 жылға дейінгі кезеңге арналған елорда дамуының болжамды индикаторларын ескере отырып жасалған.

Ал елордадағы жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдың бірінші жартысында 3 трлн 210 млрд теңге болып, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 5,1%-ға артқан.

Республикалық ЖІӨ-дегі елорда үлесі – 10%.

«Кірістер жөнінде болжамға сәйкес, 2022-2024 жылдары пәтер сатудан түсетін түсімдерді есепке алмағанда, 1 трлн 208 млрд теңге түседі. Оның ішінде, 2022 жылы – 391 млрд теңге, 2023 жылы – 416 млрд теңге, 2024 жылы – 401,4 млрд теңге. Салық түсімдері 1 трлн 166 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2022 жылы – 286 млрд теңге, 2023 жылы – 382 млрд теңге, 2024 жылы – 396 млрд теңге түседі. Салықтық емес түсімдер, айыппұлдарды есепке алмағанда, 9,1 млрд теңге деп болжанып отыр – 2022 жылы 1,1 млрд теңге, 2023 жылы 6,9 млрд теңге, 2024 жылы 1,1 млрд теңге. Пәтерлерді сатуды есептемегенде, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 7,2 млрд теңге көлемінде болжануда. Оның ішінде 2022 жылы 2,5 млрд теңге, 2023 жылы 2,4 млрд теңге, 2024 жылы 2,3 млрд теңге бар», – деді Қ. Манқараев.

Оның айтуынша, жеке табыс бойынша алдағы кезеңге арналған болжам 53,4 млрд теңгеге, оның ішінде салық түсімдері есебінен 52,7 млрд теңгеге және өзге де кірістер есебінен 700 млн теңгеге артқан.

«Үш жылдық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 1 трлн 208 млрд теңге сомасында жоспарланып отыр. Оның ішінде, 2022 жылы – 391 млрд теңге, 2023 жылы – 416 млрд теңге, 2024 жылы – 401 млрд теңге. Сонымен қатар, қала бюджетінде республикалық бюджеттен 100,5 млрд теңге сомасында нысаналы даму трансферттері қарастырылған. Оның ішінде, 2022 жылы – 89 млрд теңге, 2023 жылы – 10 млрд теңгеге жуық қаражат», - деді Қ. Маңқараев.


Соңғы жаңалықтар