Алдағы үш жылда елімізде 9 жаңа су қоймасы салынады - Серікқали Брекешев

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елімізде 2025 жылға дейін 6 аймақта 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оның ішінде Ақмола облысында сыйымдылығы 833 миллион текше метр болатын Бұзылық су қоймасы бар. Бұл туралы Көкшетауда өткен брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, соңғы 5 жылда елімізде 16 гидротехникалық құрылыс нысаны қалпына келтірілген.

Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстарында 120 мыңнан астам тұрғыны бар 16 елді мекен үшін су басу қаупі жойылды.

2025 жылға дейін Ақмола облысында 3 гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріледі. Атап айтқанда, бұл - Астана, Қоянды және Подлесненское су қоймалары.

«Елімізде 2025 жылға дейін 6 аймақта 9 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда, оның ішінде Ақмола облысында су жинау сыйымдылығы 833 миллион текше метр болатын Бұзылық су қоймасы бар», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Министр атап өткендей, ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Ақмола облысында өткен жылы екі су құбыры нысанының құрылыс аяқталған.

«Өткен жылы Макинск топтық су құбыры іске қосылды. Соның нәтижесінде 18 мың тұрғыны бар Макинск қаласында сумен қамтамасыз ету жақсартылды. Сондай-ақ Нұра топтық су құбырының ұзындығы 16 шақырымды құрайтын 9 апатты учаскесін қалпына келтіру жұмысы аяқталды. 2025 жылға дейін Нұра топтық су құбырының едәуір тозуына байланысты оны қайта құруды жүйелі және кезең-кезеңімен жүргізуді жоспарлап отырмыз», - деп түйіндеді Серікқали Брекешев.


Соңғы жаңалықтар