Алдағы үш жылда 18 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алдағы үш жылдың ішінде шалғай елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсететін 18 жылжымалы медициналық кешен сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин атап өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының мәліметінше, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 49 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Аталған кешендерде хирург, акушер-гинеколог, отолраинголог, офтальмолог, стоматолог сынды бейінді мамандар тұрғындарға кеңес беріп, медициналық процедураларды, зертханалық зерттеулерді жүзеге асырады.

«Айталық, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес 2018 жылы жылжымалы медициналық кешен қызметімен 1 763 ауылдық елді мекен қамтылып, 826 102 адам (жалпы ауыл халқының 11 пайызы) тексерілді. Бұл ретте профилактикалық тексеру барысында 88 609 науқас анықталып, оның 29 440-ы (33,2 пайызы) емделді. 2019 жылы кемінде 865 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Алдағы үш жылда өңірлердің өтінімдері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі 18 жылжымалы медициналық кешен (Атырау - 2, Ақтөбе - 3, Қостанай - 1, Қызылорда - 5, Түркістан - 4, Павлодар - 3) сатып алуды жоспарлап отыр», - деді Асқар Мамин.

Соңғы жаңалықтар