Алдағы үш күнде оңтүстікте аяз күшейіп, солтүстікте суықтың беті қайтады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазгидромет синоптиктері 12-14 қаңтарға арналған үш күндік ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Суық арктикалық антициклон өз траекториясын республиканың шығыс, оңтүстік өңірлеріне бағыттайды.

Сол себепті жауын-шашынсыз аязды ауа райы күтіледі.

Тек республиканың солтүстік жартысында атмосфералық фронттардың әсерінен қар жауады, жаяу бұрқасын көтеріледі.

Республиканың солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында тұман түседі.

Ауа температурасы еліміздің батысында түнде 15-30 аяздан 7-20 аязға дейін, солтүстік-батыста 20-28 аяздан 13-22 аязға дейін өзгереді.

Республиканың солтүстігінде 20-35 аяздан 13-26 аязға дейін, орталықта 30-41 аяздан 17-25 аязға дейін, еліміздің шығысында 32-43 аяздан 20-30 аязға дейін төмендейді.

Оңтүстікте температураның негізгі фоны - 22-31 аяз, оңтүстік-шығысында 20-33 аяздан 23-36 аязға дейін алмасады.


Соңғы жаңалықтар