Алдағы уақытта Қытай қалай дамиды

None
Фото: Shutterstock
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының 14-шақырылымы өз жұмысын аяқтады. Жалпы отырыс барысында Си Цзиньпин үшінші мерзімге ҚХР төрағасы лауазымына қайта сайланып, Мемлекеттік кеңес құрамы (Үкімет) жаңартылды және оны реформалау жоспары мақұлданды. Қытайдың бұдан әрі қалай дамитындығы және Қазақстанмен ынтымақтастығының болашағы қандай болмағы жайында ҚазАқпарат материалынан оқыңыздар.

Екі сесссия – Қытайдың маңызды саяси оқиғасы

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының жылдық сессиясы Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі сессиясымен бір уақытта өтеді әрі Қытай Халық Республикасында «екі сессия» деп аталып, саяси күнтізбедегі маңызды оқиғалардың бірі саналады.

Елдің жоғарғы заң шығарушы органының бұл жолғы сессиясы барысында Си Цзиньпин үшінші мәрте 5 жылдық мерзімге ҚХР төрағасы және Орталық әскери кеңестің басшысы болып қайта сайланды. Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы делегаттары ҚХР Мемлекеттік кеңесін реформалау жобасын мақұлдап, Премьер-Министр Ля Цян басшылық жасайтын Үкіметтің жаңа құрамын бекітті.

Мемлекеттік кеңестің вице-премьері болып Дин Сюэсян, Хэ Лифэн, Чжан Гоцин және Лю Гочжун тағайындалды. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңестің мүшелігіне қорғаныс министрі Ли Шанфу, қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохун, Үкімет хатшылығының басшысы У Чжэнлун, ҚХР Сыртқы істер министрі Цинь Ган мен Шэнь Ицинь қабылданды.

Министрліктер мен ведомстволардың 26 басшысы арасында тек екі жаңа кандидат қана бекітілді, олар – Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Чжэн Шаньцзе және ҚХР Қорғаныс министрі Ли Шанфу.

Үкіметтегі реформа: не өзгереді

Үкіметтің реформалар жобасына сәйкес Қытайда құнды қағаздар нарығын қадағалау міндетін қамтымайтын жаңа қаржылық қадағалау ведомствосы құрылатын болады. Жаңа ведомство ҚХР мемлекеттік кеңесіне тікелей бағынышты болмақ. Сонымен қатар Қытай мемлекеттік даму және реформалар жөніндегі комитетке бағынатын Мемлекеттік деректер басқармасын құрмақ. Жана ведомство «Цифрлық Қытай», «Цифрлық экономика», «Цифрлық қоғам» жоспарлау және құру ісін ілгерілетуге жауап береді.

Мұнан бөлек, Қытай билігі ҚХР Ғылым және технология министрлігін қайта ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ел мұндай қадамға басты әрі маңызды технологиялармен байланысты проблемаларды еңсеру, сондай-ақ ғылыми-техникалық дербестікке барынша жылдам қарқынмен қол жеткізу үшін ресурстарды мүмкіндігінше тиімді бөлу үшін барып отыр.

Құжатқа сәйкес ҚХР-дің орталық мемлекеттік органдарының штаты 5 пайызға қысқаратындығы күтіледі.

Қытай Парламентінің қорытынды жалпы отырысы барысында делегаттар Үкімет баяндамасы заңнамалық құқық туралы заңға түзетулер жобасы 2022-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары бойынша қарарды қабылдауды мақұлдап, 2022 және 2023 жылдарға арналған орталық әрі жергілікті үкіметтер бюджетінің орындалуын бекітті. Сонымен қатар Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің жұмысы туралы, Жоғарғы халық сотының жұмысы туралы және Жоғарғы халық прокуратурасы жұмысы туралы баяндамаларды қабылдады.

ҚХР басшылығының басымдығы

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының сессиясы барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай халық коммунистік партиясының және барша қытай халқының басты міндеті – XXI ғасырдың ортасына қарай «жаңғыртылған әлеуметтік державаны толықтай құру және Қытай ұлтының ұлы өрлеу процесін жан-жақты ілгерілету» болып саналатындығын баса айтты.

Сонымен қатар Си Цзиньпин Қытайдың «жаһандық басқару жүйесін реформалау мен құруға белсенді қатысуға, ашық үлгідегі әлемдік экономика құрылысын ілгерілетуге, жаһандық даму жөніндегі бастамаларды және жаһандық қауіпсіздік саласындағы бастамаларды жүзеге асыруға септесуге» ниетті екендігін атап өтті.

Мемлекеттік кеңестің жаңа премьері Ли Цян Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы сессия қорытындысы бойынша дәстүрлі түрде өткізілетін баспасөз мәслихаты барысында жаңарған үкіметтің сыртқы экономикалық бағытына қатысты пікір білдіре келіп, Қытайдың «осы жылы халықаралық сауда ережелеріне сәйкес өзінің ашықтығын одан әрі кеңейте түсетіндігіне, іскерлік ортаны үздіксіз жақсартып, өзінің қызметтерін оңтайландыра отырып, сыртқы әлемге есігін бұдан да кең ашатындығына» уәде берді.

Оның атап өтуінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша құрлықтық Қытайда іс жүзінде пайдаланылған тікелей шетелдік инвестицияның көлемі рекордтық деңгейге жетті және 189 млрд. АҚШ долларынан асып түсті.

«Сыртқы әлемге ашықтық, бұл – сыртқы ахуал қалай өзгергеніне қарамастан, Қытайдың негізгі мемлекеттік саясаты. Қытай бұл саясатты мүлтіксіз ұстанатын болады», - деп атап өтті ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері.

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының сессиясында мақұлданған ҚХР Үкіметінің жұмысы туралы баяндамаға сәйкес, жалпы ішкі өнім өсімі бойынша мақсатты көрсеткіш 2023 жылға 5 пайыз деңгейінде белгіленіп отыр. 2022 жылы Қытайдың жалпы ішкі өнімі 121,02 трлн. юаньға (орташа жылдық айырбас бағамымен қайта есептеген кезде шамамен 18 трлн. долларды құрайды) жетіп, жылдық мәнде 3 пайызға артты.

Жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайыз деңгейінде ұстап, 12 млн-нан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Тұтынушылық бағасы индексінің (инфляция – ред. ескертпесі) өсімі шамамен 3 пайыз деңгейінде болжанады. Ал астық өндірісінің көлемі 650 млн. тоннадан астам деңгейде сақталады.

Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қарым-қатынасының келешегі

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. ҚХР статистикасына сәйкес, 2022 жылы рекордтық тауар айналымы тіркеліп, 31,2 млрд. долларды (+23,6 пайыз) құрады.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының сәтті үлгісі Лянь Юньган теңіз порты (ҚХР Цзянсу өлкесі), «Қорғас-Шығыс қақпасы» құрғақ порты, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі сынды қазақстандық-қытайлық логистикалық базалар сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуын атап өтуге болады.

Көлік-логистикалық құзыреттіліктер мен транзиттік дәліздерді дамытудан бөлек, Қазақстан мен Қытай энергетика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты салаларында өзара іс-қимылды күшейту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Қазақстан «Цифрлық Жібек жолы», «Жасыл Жібек жолы», «Денсаулық сақтау Жібек жолы», сонымен қатар цифрландыру, жасыл технологиялар мен инновация саласындағы жобаларды жүзеге асыру аясында барынша нақтыланған ынтымақтастыққа дайын.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықта да мол мүмкіншіліктер бар. Мәдениет орталықтарын өзара құру, Қазақстанда Қытайдың жетекші оқу орындары бірінің филиалын, «Лубаня» шеберханасын ашу мәселелері пысықталып, жастар арасындағы байланыс, мәдени алмасу жаңарып келеді.

Айта кетерлігі, 2023 жылы «Орталық Азия – Қытай» мемлекет басшыларының бірінші саммиті және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі үшінші форум өтеді. Бұл іс-шараларға біздің еліміз де белсенді түрде қатысады.


Соңғы жаңалықтар