Алдағы уақытта астанада қандай нысандар салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі Елорда күні мерекесіне орай ҚазАқпарат оқырман назарына еліміздің бас шаһары туралы қызықты деректер ұсынады. Сондай-ақ, жауапты сала өкілдерінен алдағы уақытта Нұр-Сұлтанда бой көтеретін нысандардың бет-бейнесі мен салынатын орындары туралы да біліп көрдік.

Бас шаһардың аумағы

Әуелі елордамыздың алып жатқан ауданынан бастағанды жөн көрдік. Нұр-Cұлтан қаласының аумағына толығымен 1700 Ватикан елі, 389 Монако Князьдігі және 37 Науру Республикасы сыяды екен. Аумақ үлкен. Дегенмен елорда әлемдегі ең ірі шаһарлардың бірі Чунциннен (Қытай) шамамен 105, Ханчжоудан (Қытай) 16 есе кіші екен. Еліміздің бас қаласы 787, 733 шаршы шақырымды алып жатыр. Биылғы мамыр айындағы ақпарат бойынша Нұр-Сұлтанда 1,2 млн-нан астам адам тұрады.

Қала аумағы қалай өзгерді? Енді тарихи деректерге тоқталайық. Мәселен, ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру кезінде қала аумағы 24819 гектар болған. Қалалық сәулет басқармасының дерегінше, елорда территориясы бұл уақытқа дейін үш рет өзгерген.

Алғаш рет 2000 жылы 8 тамызда Целиноград және Шортанды аудандарының біршама жерлерін қосу есебінен астана аумағы 45195 гектарға ұлғайыпты.

Ал 2013 жылы 18 қаңтарда бас шаһардың 17,1 гектар жері Целиноград ауданына өткізілді. Бірақ Целиноградтың басқа бөлігінен елорда қарамағына дәл осындай көлемдегі жер берілді. Осылайша, астана территориясының көлемі бұл жолы өзгеріссіз қалған еді.

Алайда осыдан 5 жыл бұрын Нұр-Cұлтан қарамағына Целиноградтың 8719 гектар жері өтті. Сәулет басқармасының ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда елорданың жалпы аумағы - 78 733 гектар.

Елордада бой көтеретін нысандар

Астананы дамытудың 2030 жылға дейінгі Бас жоспарында Нұр-Сұлтан қаласы Еуразияның іскерлік, мәдени-ғылыми орталығы болуы тиіс екені көрсетілген.

Қалалық Сәулет басқармасы бас шаһардың инфрақұрылымын ілгерілету жұмыстарында белгілі жапон сәулетшісі Кисё Курокаваның жоспары мен идеясы сақталатынын мәлімдеді. Яғни, табиғат пен адамның тұрақты байланысының үйлесімі елорда бейнесінен көрініс табуы қажет.

Нұр-Сұлтан көп орталықты мегаполис болады. Әр ауданның аумағында сол жердің тұрғындарына жақын орналасқан жұмыс орындары, мәдени ошақтар мен демалыс орындары, сауда үйлері бой көтереді. Сондай-ақ, бір-бірінен бөлек орналасқан барлық аудандарды өзара көлік жолдары байланыстырады.

Енді елордада салынатын нысандарды атап өтейік. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мыңжылдық» аллеясы әлі салыну сатысында. Алдағы уақытта мұнда тұрғын үй кешендері, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау объектілері, саябақтар мен скверлер бой көтереді.

Бұдан бөлек, «Хан Шатыр» СО батыс бөлігінде тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени нысандар салынады. Тиісінше, инженерлік және көлік инфрақұрылымы дамитын болады.

Тағы айта кететіні – бүгінде Мәңгілік Ел даңғылындағы нысандар мен өзге де инфрақұрылымды дамыту шаралары қолға алынған. Осы жұмыстар нәтижесінде әуежайдан қалаға беттейтін жолдардың бойына биік ғимараттар салынбақ. Атап айтқанда, тұрғын үй және қоғамдық мақсаттағы нысандар бой түзейді. Ең биік ғимарат 7 қабаттан тұрады деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына кіріспес бұрын жауапты органдар шетелдік тәжірибе мен сәулет үлгілерін ескерген көрінеді.

Қазіргі таңда салынуы мүмкін нысандардың қасбеттерін безендіру стилі бекітілген. Сәулет басқармасының ақпаратына сай, ғимараттарға ұлттық нақыштағы элементтер бейнеленеді. Олар гранит, мәрмәр, травертин, металл, қола, фибробетон сияқты құрылыс материалдарынан жасалмақ.

Басқарма мәліметінше, қаланы дамыту жоспарында басымдық тек сол жағалауға берілмейді. Оң жағалаудағы нысандар да күрделі жөндеуден өтеді. Ол үшін бүгіннің өзінде тұрақты жұмыс жүргізіледі, деп атап өтті жауапты сала өкілдері.

Шаһардың Бас жоспарына сәйкес, елорда территориясы 6 жоспарлау ауданына бөлінген. Яғни, бұл - осы орындарда жыл сайын жоспарға сай жаңа нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымы жетіледі деген сөз. Әр аумақтың белгіленген басқарушы ірі орталықтары бар. Атап айтсақ, қаланы бірнеше жоспарлау аудандарына бөлу – халықтың қала орталығына қарай үдере көшуін бәсеңдету мақсатында жасалған.

Жоспарлау аудандарындағы нысандар қатарына сауда, іскерлік, көліктерге арналған тұрақтар мен жолдар, мәдени және ойын-сауық орталықтары, сондай-ақ спорт кешендері кіреді. Енді әр жоспарлау ауданына, болашақта салынуы мүмкін ғимараттар мен өзге де нысандарға жеке-жеке тоқталсақ.

Орталық жоспарлау ауданы

Ауданның аумағы – 6506 гектар. Мұнда 14 автомагистраль бар. Аталған аумақта алдағы уақытта 10-17 қабатты ғимараттар салу жоспарланған. Олар аумақ құрамына кіретін Бөгенбай батыр, Сарыарқа, Республика, Тәуелсіздік, Б. Момышұлы, Қабанбай батыр, Абылайхан даңғылдары мен Асан қайғы, Кенесары, Сарайшық, Ақжол, Ш.Бейсеков көшелері бойында салынбақ.

Сондай-ақ, Уәлиханов, Кенесары, Ш.Жиенқұлова, Сембинов көшелеріндегі ескі үйлерді сүріп, қысқа мерзімде 18 қабатты ғимарат салу жоспарланған. Өнеркәсіптер мен кәсіпорындардың, технопарктің, Оңтүстік және Степной гараж кооперативтерінің аумағындағы тозығы жеткен аз қабатты үйлер сүріледі. Оның орнына 17 қабаттан жоғары баспана салу көзделген.

Оңтүстік-Шығыс жоспарлау ауданы

Оңтүстік-Шығыс жоспарлау ауданының аумағы - 18 818 гектар. Бұл аумақтың оңтүстігіндегі шекарасы теміржол магистралі, ал шығысы Тұран және Сығанақ даңғылдарымен шектеседі. Негізгі көшелері -Қалдаяқов, Орынбор және 24. Аудан орталығы - «Мыңжылдық» аллеясы.

Аталған ауданның ең көрікті жерлерінің бірі - «Мыңжылдық» аллеясы болмақ. Ол Бейбітшілік және келісім сарайынан басталып, Нұрлы жол вокзалына дейінгі аралықты қамтиды. Сәулет басқармасының мәліметінше, аллеяны бойлай 2-3 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер мен қоғамдық мақсаттағы нысандар салынады.

Бұл ауданда орналасқан бірегей объектілер: Халықаралық деңгейде қызмет көрсететін медициналық кластер, спорттық шараларды өткізуге арналған 30 мың орындық арена, жабық коньки стадионы, велотрек.

Оңтүстік-Батыс жоспарлау ауданы

Оңтүстік-Батыс жоспарлау ауданының алаңы - 17 095 гектар. Аудан Сығанақ, Тұран даңғылдары және Бейсеков көшесімен шектесіп жатыр. Оның орталығы – Қорғалжың тас жолынан айналма жолға дейінгі аралық. Сонымен қатар оның құрамына «Ильинка» тұрғын алабы кіреді.

Сәулет басқармасының мәліметінше, мұнда қысқы және жазғы спорт түрлері бойынша жабық және ашық объектілер, хайуанаттар бағы, ғарыш орталығы, демалыс және бұқаралық ойын-сауық нысандары салынады. Айта кетейік, бұл аумақта тарихи ескерткіш - ежелгі Бозоқ қалашығы орналасқан.

Солтүстік-батыс жоспарлау ауданы

Жоспарлау ауданының аумағы – 8 160 гектар. Ауданның жартысына жуық жерін өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындар алып жатыр.Ол оңтүстігінде Есіл өзені, шығысында Бейсеков көшесі және солтүстік-шығысында Өндіріс тас жолымен шектеседі. Мұнда қалалық зират орналасқан. Сондай-ақ, Қостанай және Көкшетау бағыттарындағы темір жол өтеді.

Аталған аумақтағы Сары-Бұлақ бұлағының жанына іргелес аумақта көп қабатты құрылыс салу жоспарлануда. Сәулет басқармасы ол жердерде мектепке дейінгі білім беру нысандары мен білім ордаларының құрылысы басталатынын мәлім етті.

Солтүстік жоспарлау ауданы

Аудан - 10 135 гектарды алып жатыр. Бұл аумақ Өндіріс және Алаш тас жолдары, сондай-ақ Ақжол көшесімен шекаралас жерде орналасқан. Бұл аумақта да негізінен өнеркәсіптік және өндірістік объектілер орналасқан. Жоспарға сай бүгінде Солтүстік жоспарлау ауданындағы тозығы жеткен жеке үйлерді сүру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, сәулет басқармасы мұнда орналасқан К-1 айналымына дейін аз қабатты үйлер салынатынын мәлімдеді. Бұл аудан толығымен мектеп және балабақшалармен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.

Солтүстік-Шығыс жоспарлау ауданы

Бұл аумақ Алаш тас жолының шығысы мен темір жол магистралінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Басқарма ақпартына қарағанда, мұнда тек жолаушылар тасымалына арналған темір жол магистралі ғана болады. Ауданның солтүстігіне жаңа жартылай айналма жол салу жоспарланған. Онда қосымша жүк терминалдары да бой көтермек. Қазіргі таңда бұл территорияда № 1 Заманауи индустриялық инновациялық парк орналасқан.

Алдағы 13 жылда жеке үйлер сүріледі

Қаланың инфрақұрылымын дамыту мақсатында шаһардың Бас жоспарына сәйкес Заречный кентіндегі жеке үйлер сүріледі. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін - 30,7 гектар, ал 2035 жылға дейін тағы 18,5 гектар жеке үйлерді бұзып, орнына жаңа ғимараттар салу көзделген. Қалалық сәулет басқармасының мәліметіне сай, Көктал саябағы маңайында орналасқан саяжайлар да сүріледі. Мәселен, алдағы үш жылда №189 көшеден төмен орналасқан 67,3 гектар, ал 2035 жылға қарай №189 көшенің жоғарғы бөлігіндегі жалпы аумағы 63,4 гектар жеке үй сүріледі.

Тұрғын үйге қажеттілік өседі

Сәулет басқармасының ақпаратынша, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары әзірленуде. Онда шаһар халқының санына қатысты болжамдар ескеріледі. Мәселен, 2030 жылға қарай елорда тұрғындарының саны 1,65 млн, ал 2050 жылға қарай 2,4 млн адамды құрайды деп болжануда.

Осы болжамдарға сәйкес, 2035 жылға қарай тұрғын үйге қажеттілік 68,2 млн шаршы метрді құрайды. Яғни, алдағы 13 жылда қосымша 41,3 млн шаршы метр баспана салу қажет. Атап айтқанда, жылына 3 млн шаршы метрден астам аумақты қамтитын тұрғын үй бой көтеруі тиіс.

Сәулет басқармасының дерегі бойынша, 2035 жылға дейін тұрғын үй салу үшін алдын ала белгіленген аумақтар:

- «Мыңжылдық» аллеясы және Қарағанды трассасының оңтүстігінде орналасқан «Метро» сауда орталығы маңында құрылыс жүргізіледі. Онда 1020 гектар жерге 4803,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Ол 130 мың адамды баспанамен қамтамасыз ететін болады.

- «Тельман» тұрғын алабының оңтүстік бөлігінде 928 гектар аумаққа 70 мың адамға арналған тұрғын үй кешендері салынады.

- Астананың 130 мың тұрғынын баспанамен қамту мақсатында Мәңгілік Ел даңғылының бойында 117,6 мың шаршы метр аумаққа көпқабатты үйлер салынады.

- Тұран даңғылының батыс бөлігіндегі 1066 гектар жерге 120 мың адамды қамтитын тұрғын үй салу жоспарланған.

- Асан Қайғы көшесі бойындағы көпқабатты үйлерді қайта жөндеуден өткізу көзделген. Сондай-ақ, ол жерлерге жоба бойынша 30,7 мың халықты баспанамен қамту үшін 1071,5 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

Соңғы 10 жылда салынған жолдар

Қалалық сәулет басқармасының мәліметі бойынша, бүгінде елордада жалпы ұзындығы 868,3 шақырым болатын автокөлік жолдары бар. Соңғы 10 жылда 100 шақырымнан астам жол салынған.


Соңғы жаңалықтар