Алдағы референдум – саяси реформалардың маңызды кезеңі - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қапшағай қаласының атын өзгертуге арналған салтанатты іс-шараға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Қонаев қаласының тұрғындарымен алдағы референдум жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар алдағы референдум мен конституциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылады.

«Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум - Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси реформалардың маңызды кезеңі. Біз 5 маусымда ұсынылған алдағы өзгерістердің бағыттары бойынша таңдау жасайтын боламыз. Дауыс беру қорытындысы Қазақстанның соңғы жылдары барлық салаларды реформалау бойынша жүргізіп жатқан ауқымды жұмысына қоғамдық қолдаудың жоғары деңгейін көрсететініне сенімдімін»

, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ, қалаға Қонаев атын беру туралы шешімге қатысты ой бөлісті.

«Қапшағай атауын Қонаев деп өзгерту - қала тұрғындары үшін көптен күткен маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала атауын өзгерту жөніндегі бастамасын қалалықтардың басым көпшілігі қолдағанын атап өткім келеді. Бұл біздің ұлы саяси және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың еңбегінің маңызын көрсетеді»

, - деді сенатор Динар Нөкетаева.

Кездесу барысында қала тұрғындарымен және басшылығымен облыс орталығының даму келешегі, сондай-ақ елді мекеннің мәртебесін арттырудың өңірдегі барлық тұрғындарға маңыздылығы талқыланды.

Еске сала кетейік, Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуіне байланысты шаһарда салтанатты шаралар ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар