Алдағы онжылдықта мұнай секторын экономиканың басқа салаларын дамытуға пайдалану қажет - Қ. Келімбетов

None
None
анның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑  Қазақтың мұнайы - елдің игілігі. Маңдайға біткен «қара алтын» жаһанды шарпыған ғаламдық дағдарыста қазақтың абыройын шынымен сақтап қалды. «Кейін керек болады» деп, Ұлттық қорға жинақтаған мұнай қаражаты өз мақсатына сай «қиын жағдайда» пайдаға асып,  дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруға мүмкіндік жасады.

 

 Дағдарыс дүмпуі тағы шайқалтпаса, ендігәрі мұнайдан түскен қаражатты болашаққа арнап жинақтау жалғасын табайын деп тұр, келесі жылдан бастап. Өйткені  Үкімет келер 2010 жылғы бюджетті бекіткенде осылай жасаймыз деп жоспарлаған. Дегенмен де, әлемдегі күйзелістің салқынынан оңалып, өзіміз айтып жүргендей, дағдарыстан жаңғырып шығу үшін де және одан кейінгі дамудың қалпына түсу үшін де мұнайдың қаражатына қайта жүгінетін түріміз бар. Бірақ бұл жүгінісіміз экономикалық құлдыраудан сақтану үшін емес, дағдарыстан әлсіреген экономикамызды қайта түлету үшін болуы мүмкін.  

       Жақында Қазақстан мұнайының 110 жылдығына орай, елімізде біршама ауқымды шаралар атқарылды. Ең бастысы, бұған дейінгі мұнай табысына шылқыған жылдарымыздағыдай аста төк тойдан гөрі, биылғы саланың мерейтойында мұнайгаз секторының қазіргі дағдарыс кезеңіндегі проблемалары талқыға салынып, саланы дамыта түсу мәселелері сөз болды. Қазақ мұнайын көп бағытқа бұрып, әлемнің қиырына жеткізу әрі дүниежүзілік нарықта ұтымды өткізу жайы әңгіме арқауына айналды. Одан кейінгі апталарда 17-ші қазақстандық халықаралық «Мұнай және газ» конференциясы да ұйымдастырылды.  Мыңнан астам делегат қатысқан ауқымды шарада Қазақстанның Еуразия нарығына Каспий өңірі көмірсутегін жеткізуші ретінде үлесіне ерекше назар аударылды. Ондағы мәселе бұрынғыдан гөрі анағұрлым өткір талқыланып, қатысушылар іске келгендерін көрсетіп, іскерлік шараларға тереңірек бойлады, мәселені мұқият зерделеді.

Шындығында, 4,8 млрд. тонна көлемінде дәлелденген мұнай қорларына ие, яғни жалпы әлемдегі қордың 3 пайызына және осы көрсеткіш бойынша әлемдегі елдердің бірінші «ондығына» кіретін Қазақстанның алдағы жоспарлары да ауқымды. Қытайға қарай мұнай құбырын салуды қолға алдық. Әзірбайжан арқылы да тасымалдау қуатын арттыру ойда бар. Алдағы бес-он жылда мұнай мен газ өндіру көлемдерінің ұлғаятыны, мұнай өңдеу және мұнай химиясын дамыту бойынша жоспарларды ескергенде, мұнай-газ секторының елді дамытудағы рөлі әлбетте өсетіні болжанады.

Дағдарыс мәңгілік емес демекші, сарапшылар экономикалық өркендеудің қалпына келетінін болжайды, әрине ондай болса қуатты тұтыну ұлғаяды. Ендеше, осы тұста жағдай жақсарса, жоғарыда айтқанымыздай, «болашаққа, қиын күндерге» деп мұнай қаражатын Ұлттық қорға қайта аударуды бастаймыз ба, жоқ әлде дағдарыстан есеңгіреп қалған салаға қолдау жасап, бәсекеге қаблетілігімізді арттыруға мұнай қаржысы арқылы күш саламыз ба?» деген сұрақ өткір болып отыр. Өткен сенбіде «Қазақстан -2030: нәтижелері мен даму перспективасы» атты халықаралық жиында «Самұрық‑Қазына» ҰӘҚ басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетов та дәл осы мәселеге назар аударған болатын. Ендігі әңгімені соған аударсақ.

«Самұрық‑Қазына» төрағасы әлемдегі дамушы елдердің экономикалық даму стратегиясында жинақталған тәжірибесін үш топқа бөліп қарастырады. Біріншісі, «дамығанды қуушы» стратегиясы ‑ дамыған елдердің жүріп өткен жолдарын қайталауға бағытталады. Яғни, импорттың орнын басатын, экспортқа бағытталған экономика саласын дамыту. Екіншісі, «дәстүрлі мамандандыру»  стратегиясы ‑ экономиканы шикізат саласы арқылы дамытуға негізделеді. Бұл стратегияны Канада, Австралия, Норвегия секілді шикізат ресурстарына бай мемлекеттер жемісті пайдаланған. Үшінші бағыт «постиндустриялы даму» стратегиясы. Бұл стратегия қызмет көрсету саласын дамытуға негізделеді. Қ. Келімбетовтың айтуынша, осы стратегиялардың ешқайсысы да таза, бір бағытты күйінде пайдаланылмайды. Керісінше, өз дамуына қол жеткізген барлық мемлекет өзінің ұстанған бағытынан басқа  стратегиялармен оңтайлы үйлесімін таба білген. Дегенмен де, осы үш стратегияның біреусіне әрқашан басымдық беріп, сол жолды  ұстанып отырған. 

«Қазақстанның жедел модернизацияланған экономикасына ең сәйкес келетін стратегия ‑ «дәстүрлі мамандандыру», яғни экономиканы шикізат саласы арқылы дамыту, оның ішінде бұндай қадамды мұнайгаз секторына сүйене отырып жүзеге асыру болып табылады. Әлемдік тәжірибеде, шикізаттық ресурсты иеленген мемлекеттерге қатысты  көбінесе «ресурстық қарғыс» ретінде айтылатын мәселе де бар. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, табиғи ресурстарға бай елдің ұзақ мерзімді перспективадағы экономикалық даму қарқыны  табиғи қоры шағын елдерге қарағанда шабандау боп көрінеді. Дегенмен, менің пайымдауымша,  шикізаттық сектор экономикаға оң да,  теріс те әсер ете алады. Ең бастысы, шикізат секторының экономиканың қалған бөлігімен байланысты түріне назар аудару қажет. Сондықтан, «ресурстық қарғыс» мәселесі қашып құтыла алмайтын құбылыс емес. Яғни, бұндай «қарғысқа» өздерінің байлығын тиімді басқара алмайтын табиғи байлық қоры мол мемлекеттер ұрынып жатады. Егер мемлекет өзінің шикізаттық секторын дұрыс орныластырып, тиімді басқарса, онда өзінің экономикасының да орнықтылығын қамтамасыз ете алады», деді Қ. Келімбетов.

Осы мәселеге сүйенген Басқарма төрағасы алдағы онжылдықта Қазақстанның мұнайгаз өнеркәсібі экономикалық өсімнің негізгі «қозғалтқышы» болатынына сенімді. Мұнайға сұраныстың әлі де ұзақ сақталатынын айтқан ол, сарапшылар тарапынан шикізаттың осы түріне бағаның арта түсетіні туралы болжамын алға тартады.  Осыған байланысты,  Қ. Келімбетов мұнайгаз секторына қатысты кешенді саясатқа тоқтала отырып, негізгі үш міндетті шешу қажеттігіне назар аудартады. Біріншіден, бұл мұнайгаз өнеркәсібін дамыту, екіншіден - өнімді өндірудің жоғары қосылған құн салығына көшу (бірінші түрді тарқата қамту), үшіншіден - екінші түрді әртараптандыруға жәрдемдесу.

«Экономиканы модернизациялау жолындағы бірінші кезектегі міндет - мұнайгаз өнеркәсібін «экономикалық өсім қозғалтқышынан» «экономикалық даму флагманына» айналдыру болып табылады. Ал бұл саланы дамыту шикізатты өндіруді арттыру ғана емес, мұнайгаз секторын ел экономикасындағы жетекші орынға шығаратын жоғары технологиялық секторға көтеруді білдіреді. Яғни, мұнайгаз секторы қалған экономика салалары үшін үлгі болуы шарт. Бұл салада ең үздік кадрлар қызмет етіп, ең заманауи технологиялар, машиналар мен қондырғылар пайдаланылуы, ең соңғы технологиялар ендірілуі, ең жоғары экологиялық стандарттар мен техникалық қауіпсіздік стандарттары сақталуы шарт. Еңбек өнімділігінің жоғары көрсеткішіне қол жеткізіліп, жұмысшыларды әлеуметтік қорғаудың сенімді жүйесі қосылуы тиіс», деді Қ. Келімбетов.

Оның айтуынша, бұл ретте елімізде кен орындарын игеріп жатқан шетелдік мұнайгаз компанияларынан үйренуге, олардың тәжірибелерін пайдалануға үлкен мүмкіндіктер баршылық. Сонымен бірге, Қайрат Нематұлы ұлттық экономиканың шикізатқа арқа сүйейтін базалық құрылымын ескере отырып, әртараптандырудың екі түрін бөліп қарастырады. Оның бірі - шикізаттық ресурс базасында өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және қосымша құн салығы жоғары тауарлар шығару. Мәселен, бұған мұнайды экспорттаудан мұнайхимия өнімін экспорттауға көшуді, темір және түсті металды экспорттаудан таза металл өнімдерін экспорттауға көшуді жатқызуға болады. Бұнда тиісті қолдау жасалса, Қазақстанның бәсі басым болатыны айқын. Екіншісі - өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа өндірістерді дамыту. Мәселен, бұл автомобиль шығару мен экспорттау, тұрмыстық техникалар, станоктар мен қондырғылар, киім кешек пен азық түлік, тағы басқасы.

«Объективті себептерге байланысты жақын онжылдықта мұнайгаз өнеркәсібі қай жағынан алып қарасаңыз да экономикалық өсімнің локомотиві болып қала береді. Ал оның ЖІӨ‑дегі үлесі өсуін жалғастыра түседі. Норвегияның экономикасы осыған ұқсас құрылымдық өзгерістерді бастан кешірген болатын. Егер 1970 жылы экономикада мұнайгаз өнеркәсібі жоқтың қасы болса, он жылдан соң‑ақ оның үлесі 13,45‑ке жетті, ал өткен жылы 26,1 пайызды құрады. Біздің міндетіміз - мұнай секторын еліміздің экономикалық жүйесіне тығыз ықпалдастыру болып табылады. Бұл ретте мұнайгаз компаниялары мен экономиканың басқа салаларының орнықты байланысына назар аудару қажет. Мұнайгаз секторының экономиканың басқа салаларымен орнықты байланысы бірқатар саланың серпін алуына жағдай жасайды. Олар мұнайгаз секторының алғашқы сатыдағы сервистік қызметі арқылы даму мүмкіндігіне ие болады. Мұнайгаз секторының қуатты сипаты да осыдан көрінеді. Яғни, осы сала Қазақстан экономикасының жан‑жақты технологиялық, инновациялық дамуына дем беруі шарт», деді Қ. Келімбетов.   

Қалай айтқанда да, қазақта қазіргі күні мұнай бар әрі бұл шикізаттың қоры мол. Ал әлемде қазақ мұнайына сұраныс та, қызығушылық та артып келеді. Ендеше, қазіргі күн тәртібіндегі басты мәселе де осы мұнайды қалай пайдалану болуы шарт.  

Соңғы жаңалықтар