Алдағы екі жылда 1300 ауылдың әкімі сайланады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Саяси жүйені реформалау аясында өткен сайлау өз нәтижелерін көрсетуде. Бұл пікірді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді. 2021-2022 жылдары ауылдық сайлаушылар 1,3 мыңнан астам әкімді сайлаған еді. Ал 2023-2024 жылдары тағы осынша ауылдық округте сайлау жоспарланған. Нәтижесінде халық сайлаған әкімдер тәуелсіздік алып қана қоймай, сайлаушылар алдындағы жауапкершілік пен есептілікті де арттырады. Қазірдің өзінде сайланған ауыл әкімдері жерлестерінің таңдауы дұрыс болғанын көрсетіп, дәлелдеп жатыр», - деді Аида Балаева Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының жалпы отырысында.

Спикердің айтуынша, жергілікті тұрғындар өздері таңдаған әкімдердің жұмысына риза екенін әлеуметтік желілерге жариялап жатыр.

Мақтауға ілінген әкімдер қатарында БҚО Ақсуат ауылдық округінің әкімі, Ақмола облысы Абай ауылының әкімі, Қарағанды ауылдық округінің әкімі және басқалары бар.

«Сайланған ауыл әкімдерінің 52% астамы – жаңа адамдар. Оның көпшілігі мемлекеттік қызметші емес. Олар сайлауға өз ауылдарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша өздерінің нақты бағдарламаларымен келді және қазір бұл бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр», - деді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар