Алдағы бес жылда Түркістанда 24 археологиялық зерттеу жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әзірет Сұлтан қорық-музейінің, Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелерінің аумағын абаттандыру 2025 жылға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Үкімет отырысында айтты.

«Қазіргі таңда Түркістан облысына бір жылда келетін туристер саны 1,2 млн болады. Өңірдің туристік ағынын ұлғайту үшін Түркістан және Төле би ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарының инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туристік өнімдер пайда болады», - деді министр.

Ақтоты Райымқұлова Түркістан өңірін дамытудың бесжылдық кешенді жоспар шеңберінде мәдениет пен турзимді қозғайтын 11 инвестициялық жоба жоспарланғанын, оның 9-ы жеке инвестициялар есебінен іске асатынын айтты.

«Соның арқасында 2025 жылы туристер санын 2,5 млн адамға дейін, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер санын 291 мың адамға дейін және туризм саласында жұмыс істейтіндер санын 30 мың адамға дейін артады деп жоспарлануда. Статистикалық деректер бойынша өңірде 703 мәдениет мекемесі бар. Жаңадан 13 мәдениет нысаны пайдалануға беріледі», - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, кешенді жоспары аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген.

Яғни, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмыстары көзделіп отыр.

«2025 жылға дейін 59 нысанға қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілер саны 2,3 млн адамға дейін артады», - деді Ақтоты Райымқұлова.


Соңғы жаңалықтар