Алдағы бес жылда елімізде мұнай өндіру көлемі қанша артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4 пайызды құрайды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы отырыста Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын баяндады.

«Әлемдік қаржы ұйымдарының мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы мұнай бағасының консенсус-болжамы 65 долларды құрайды. Ал 2020 жылы бір баррель үшін 63 долларына дейін төмендейді. Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру үшін базалық сценарий негізге алынды. Ол мұнай бағасын 55 доллар көлемінде көздейді. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы 4,1 пайыз деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7 пайызға жетеді. Орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4 пайызды құрайды», - деді министр.

Жалпы ішкі өнімнің өсуі жалпы жинақтың, ішкі тұтынудың және экспорттың өсуі есебінен қамтамасыз етіледі.

Р. Дәленовтің айтуынша, инвестициялар экономикалық өсуді қолдаудың маңызды факторы болады. Салалық бөліністе негізгі өсім шикізаттық емес секторына тиесілі болады. Бұл өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және құрылыс. Бұл салалардың орташа өсімі 4,7 пайыз деңгейінде болады. Жалпы ішкі өнімнің өсуіндегі салымы 3,5 проценттік тармақты құрайды.

«Мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 миллион тоннадан, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі. Өндірудің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіздегі оларды пайдалануға беру есебінен болады», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар