Алдағы бес жылда Бурабайдағы туристер саны 3 миллионға жетеді

None
None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - 2025 жылға дейін Бурабайға келетін туристер санын 3 млн-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Ерлан Мұратов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Бүгін Бурабай мен Зерендінің туристік әлеуетімен таныстыратын ақпараттық тур ұйымдастырылып отыр. Ол алдымен басқа өңірлерден туристерді тарту мақсатын көздейді. Одан бөлек, басқа аймақтардан келген әріптестерімізбен өзара тәжірибе алмасудамыз. Сондай-ақ, бүгінгі кездесу барысында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Оның аясында бірлескен бірқатар туристік жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Оның ішінде отандық және алыс-жақын шетелдік турагенттіктерді шақырып біздің туристік нысандармен таныстыратын боламыз. Осы мамыр айының өзінде «Kazakh Tourism»-мен бірлескен үш ақпараттық тур ұйымдастырдық. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы ішкі туризмді, яғни отандық туризмді дамыту», - деді Ерлан Мұратов.

null
Сонымен қатар, басқарма басшысы Бурабайға келетін туристердің санын арттыру жоспарымен бөлісті.

«Бүгінгі шараға жергілікті турагенттіктердің өкілдері қатысып, олар өзара b2b кездесу өткізді. Нәтижесінде біздің турагент өкілдері батысқазақстандық әріптестерімен бірлескен 200-ге жуық келісімге қол жеткізді. Одан бөлек, біз әуе қатынасын одан әрі ілгерілету жұмысына мән берудеміз. Бұл мақсатта қазіргі күні Scat әуекомпаниясымен әуерейстер санын арттыру мәселесін талқылаудамыз. Соның нәтижесінде бізге келетін туристердің легі арта түседі деген ойдамыз. Ішкі туризмді дамытуға бағытталған тағы бір маңызды қадам - елімізде 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Соның аясында біздің алдымызға Бурабайды еліміздегі 10 үздік туристік аймақ қатарына енгізу тапсырмасы тұр. Ол бойынша 2025 жылға дейін Бурабайға келетін туристер саны 3 млн-ға дейін жететін болады. Ал қазіргі уақытта жылдық көрсеткіш 1 млн-нан сәл асады», - деді ол.

Еске сала кетсек, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мұрындық болуымен елімізде онкүндік ақпараттық тур өтіп жатыр. Мақсаты - ішкі туризмнің потенциалын арттыру және дәріптеу. Ақпараттық турға еліміздің батыс өңірлерінен, атап айтқанда Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы туристік агенттік өкілдері қатысуда. Олар шара барысында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының туристік нысандары мен сауықтыру кешендерінің жұмысымен таныса отырып өзара тәжірибе алмасуда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, алдағы 1 маусымнан бастап Бурабайда 1405 қысқа нөмірлі байланыс орталығы жұмыс істей бастайды.

Соңғы жаңалықтар