Алдағы бес айда Шығыс Қазақстанға 800 мыңға жуық вакцина жеткізілмек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында вакцинация пунктерін орналастыру мәселесі мен иммундау процесі талқыланды.

«Вакцинация қазіргі таңда коронавирустан қорғаудың ең тиімді және қауіпсіз әдісі. Бұның пандемиямен күрестегі ең дұрыс шешім екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бүгінде облыс халқының жартысынан көбі маска тақпай кетті. Әлбетте осы уақыт аралығында жұртшылық шектеулерден шаршады, әрі ауа температурасы көтеріліп, күн ысып келеді. Алайда осы ретте әлеуметтік жауапкершілік туралы ұмытпауымыз керек. Қарапайым ережелерді сақтай отырып, адам өзін ғана емес, жақындарының өмірі мен денсаулығын сақтайды», - дейді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, бес ай ішінде Шығыс Қазақстан 800 мыңға жуық вакцинамен қамтамасыз етіледі. Бұл шығысқазақстандықтардың 60%-ға жуығын вакцинациялауға мүмкіндік бермек.

«Қазіргі уақытта өңір бойынша 240 вакцинация пункті ашылды. 14 сәуір күні қосымша 42 мың вакцина жеткізілді. Жақын арада тағы да ірі партия әкелініп, оның 33 мыңнан астамы өнеркәсіптік кәсіпорындарға беріледі», - деді аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар