Алдағы 6 жылда болуы мүмкін су тапшылығы елдің дамуына қауіп төндіреді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Су пайдалану деңгейі төмендемесе, 2029 жылға қарай су тапшылығы болуы мүмкін. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қауіп төндіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Суармалы егіншіліктің негізгі үлесін құрайтын елдің оңтүстік облыстарында су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейі төмен. Олар жалпы суармалы жерлер көлемінің 3%-да ғана қолданылады. Экономика салаларында және халық арасында су ресурстарын пайдаланудың ағымдағы жағдайы сақталған жағдайда 2029 жылға қарай су тапшылығына байланысты әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының төмендеу қаупі бар», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында.

Бұл ретте Экология министрлігі жерасты суларын пайдалану төңірегіндегі мәселелерді көтерген. Мәлім болғандай, тапшылыққа мына факторлар себеп болып отыр:

- жер астындағы су қорларын игеру дәрежесі төмен;

- жерасты суларының 90%-ы тиісті норма мөлшерінде пайдаланылмайды;

- жерасты суларын қолдану режимінің бұзылуы, сондай-ақ рұқсат етілмеген бұлақтардан су алу. Салдарынан қазір бар қорлар тез сарқылып жатыр.

Бұдан өзге, магистральдық құбырлар арқылы ауыл шаруашылығы мақсаттарына бағытталатын судың 19,8%-ы тозған инфрақұрылым кесірінен ысырап болып отыр.


Соңғы жаңалықтар