Алдағы 5 жылда машина жасау саласында қандай мамандар сұраныста болады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Машина жасау саласында кәсіби білімі бар білікті мамандар тапшы. Ашық НҚА порталында жарияланған машина жасау саласын дамытудың 4 жылдық кешенді жоспарында осындай мәселе көтерілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Машина жасау саласында кәсіби білімі бар білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Ұлттық болжамға сәйкес, орта мерзімді кезеңде (2024-2028 жылдар аралығы) жалпы қажеттілік 7 мың маманды құрайды. Алдағы 5 жылда ең көп сұранысқа ие мамандықтар: дәнекерлеуші, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары, инженер-механик, металл бұйымдарын өңдеу жөніндегі оператор, өнеркәсіптік робототехниканың инженер-конструкторы, виртуалды прототиптеу жөніндегі маман, болжамды диагностика маманы», - деп тапшы мамандықтардың тізімі келтірілген кешенді жоспарда.

Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына қарағанда, аталған сала бойынша кәсіби кадрларды даярлауға мына мәселелер кедергі болып отыр:

- ұзақ мерзімді кезеңге кадрлық қажеттілікке болжамды зерттеулер жүргізу үшін жетілмеген әдістемелік база;

- жұмыс берушілерді кадрларды даярлауға және қайта даярлауға тарту жөніндегі заңнамалық базаның жеткіліксіздігі;

- техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының (ТжКБ) ескірген материалдық-техникалық базасы;

- дуалды білім беру, ТжКБ түлектерін сертификаттау жүйесі кеңінен қолданылмайды;

- жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұны еңбек нарығындағы өзгерістерді білдіретін жұмыс берушілердің талаптарына толық сәйкес келмейді;

- әлеуметтік әріптестік жеткіліксіз дамыған. Өндірістік практика базаларымен қамтамасыз ету, түлектерді жұмысқа орналастыру, жұмыс берушілерді кәсіби стандарттарды құру процесіне тарту тетіктері жоқ.

«Саланы дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді кешенді шешу маңызды. Өйткені, олар технологиялық, техникалық, заңнамалық, нормативтік-құқықтық, қаржы-экономикалық, білім беру, кадрлық және өзге де салалардағы мәселелердің кең ауқымын қозғайды», - деп түсініктеме берілген құжатқа.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандағы машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілмек.


Соңғы жаңалықтар