Алдағы 5 жылда 212 су арнасы цифрландырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы 5 жылда 212 су арнасы цифрландырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Түркістан облысындағы «К-19» магистралды арнасын цифрландыру бойынша бірінші жоба сәтті жүзеге асырылды. Нәтижесінде 45 пайызға көбірек су жұмсалатыны анықталды. Енді алдағы 5 жыл ішінде ұзындығы 3,3 мың шақырым болатын 212 арнаны цифрландыру жоспарымызда бар. Осы іс-шараларды іске асыру 2,2 текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Одан басқа, министрлік су үнемдеу технологиясы қолданылатын алаңдарды 2025 жылға қарай 750 мың гектарға дейін жеткізуді ұсынады», - деді министр.

Оның дерегінше, республикалық меншікте жалпы ұзындығы шамамен 20 мың шақырым болатын 3 298 суару желісі бар. Сол каналдардың 60 нашар жағдайда. Бұл суды тасымалдау кезінде орын алатын жоғары шығынның негізгі себебі.

«Арналарды қалпына келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, 2019-2020 жылдары 1734 шақырым арна жөнделіп, 111,5 гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Биылғы жылдың соңына дейін 1 050 шақырым арналарды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл 78 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, 5 жыл ішінде ұзындығы шамамен 2,3 мың шақырым болатын кемінде 120 арна қайта жаңартылады. Бұл 600 мың гектар жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар