Алдағы 4 жылда ауылдардағы инфрақұрылымға 670 млрд теңге бөлінеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 492 ауылда 914 жобаны іске асыруға 100 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында «Ауыл - Ел бесігі» жобасын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы даму әлеуеті бар 492 ауылда 914 жобаны іске асыруға 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 95 жобаны, 313 әлеуметтік инфрақұрылымды, оның ішінде 123 білім беру жобасын, 51 денсаулық, 62 мәдениет және 77 спорт жобасын іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 506 көлік инфрақұрылымы жобасы жүргізілетін болады», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл – Ел бесігі» батыс және оңтүстік облыстарға халықты әлеуметтік-мәдени, спорт және білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін 20 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарлануда. Бөлінетін қаражат аясында мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері, спорт нысандарын салу, қайта жаңғырту және жөндеу бойынша жобалар таңдалды.

«Өздеріңізге белгілі, қаражат бөлу мәселесі 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында Парламентте қаралып жатыр. Инфрақұрылымдық даму жөніндегі іс-шараларды іске асыру Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта, Өңірлік стандарттарда ауылдар үшін 12 көрсеткіш (объектілер/қызметтер) қарастырылған, ауылдық округ орталықтарына - 24, аудан орталықтарына – 32.

2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік нормативтерге сәйкес, ауылдарды стандарттардың орташа қамтамасыз ету 64,1%-ды құрады. Оның ең жоғары көрсеткіші Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды. Төмен көрсеткіштер Қызылорда, БҚО, Алматы облысында байқалады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы жобаны жүзеге асырудың үш жылы ішінде 206 млрд теңге бөлінді.

«Алдағы 4 жылда ауылды елді мекендердің инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге тағы 670 млрд теңге қажет етеді. Бұл 3,5 мыңнан астам ауылдағы 7 млн ауыл тұрғынының өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Ә. Қуантыров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл таңдалды .

2019 жылы елімізде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы іске асырыла бастады .

Оның басты мақсаты — ауылдағы адамдардың өмірін жақсарту. Жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңарту және жаңа нысандар салу, жұмыс орындарын құру — осының барлығы аталған бағдарламаны іске асыруды көздейді.


Соңғы жаңалықтар