Алаяқтық жасағаны үшін абақтыға тоғытылған қарттар үйінің экс-директоры сот үкімін жеңілдетуді сұрайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қариялардың пәтерін өз меншігіне аударып алды деп айыпталған қарттар үйінің экс-директоры Сәуле Ахмадиева сот үкімін қайта қарауды ұсынып, апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы Әуезов аудандық прокуратурасының бөлім басшысы Байбатыров Сержан хабарлады.

17-шілдеде Алмалы аудандық судьясы Тахлима Ахметова Алматы қалалық қарттар үйінің бұрынғы директоры Сәуле Ахмадиеваны 5 жылға бас бостандығынан айыру, оның ұлы Құрмашевті - 3 жылға шартты жазаға кесу туралы үкім шығарған болатын. Ал, мекеменің бұрынғы заңгері мен нотариусы айыпты деп танылса да ескіру мерзіміне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

«Қазір Сәуле Ахмадиева сот үкімін қайта қарау туралы апелляциялық шағым түсірді. Істі қалалық апелляциялық алқа қарауда. Аппеляциялық сот алдыңғы сот үкімін өзгеріссіз қалдырса, сот үкімі автоматты түрде сол мезеттен заңды күшіне енеді»,- деді С.Байбатыров.

Естеріңізге сала кетейік, қарттар үйінің айналасындағы дау-жанжал биыл маусымның аяғында басталған болатын.

Алматы прокуратура басшысының орынбасары Жандос Өмірәлиевтің берген ақпаратына сәйкес, қарттар үйінің басшысы Сәуле Ахмадиева бастаған бірнеше адамнан тұратын қылмыстық топ 4 зейнеткердің пәтерін жалған құжат жасау арқылы қолды қылған. Алаяқтық әрекетті жүзеге асыруға оның баласы мен орынбасары, заңгер, нотариус жәрдемдесіп отырған. Келтірілген шығын көлемі 4,5 млн. теңгені құрады.

«Олар мемлекеттік мекемеге орналасу үшін пәтерді жекеменшікке аудару шарт деп қарияларды алдаған. Қазір екі пәтер иесіне қайтарылды. Алайда, бір қарияға ол күнді көру жазбапты», - деді прокуратураның ресми өкілі.

Соңғы жаңалықтар