Алаяқтық жасады деп айыпталған ақтөбелік депутат кінәсін мойындады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Ержанов кінәсін мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Бақытжан Ержанов қазан айында қамауға алынған болатын.  Бұған дейін хабарлағанымыздай, оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық», «Билік өкіліне қатысты күш қолдану», «Денсаулыққа қасақана аса ауыр зиян келтіру» баптары бойынша айып тағылып отыр.

Қылмыстық іс Хромтау аудандық сотында қаралады. Қазіргі күні депутат уақытша тергеу абақтысында отыр.

Іс материалдарына сүйенсек, кәсіпкер Бақытжан Ержановтың қорғаушылары кінәні мойындау туралы процессуалды келісім және істі келісімдік іс жүргізуде қарау туралы өтінішхат жіберді. Процессалды прокурорлар мен айыпталушы Бақытжан Ержановтың арасында кінәні мойындау туралы процессуалды келісім жасалған.

Айта кетейік, «Гүлсім» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Ержанов 2015 жылы өзінің жұбайы Л.Ержановадан 167 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Малдың құны 51 миллион теңгеден астам қаржыға бағаланған. Сөйтіп ол «Жантізер» ШҚ-дан мал сатып алдым» деген құжатты Ақтөбе облыстық ауыл басқармасына тапсырады, субсидия алуға жалған құжаттар береді. Субсидия мөлшері - 25 718 000 теңге. Депутат Б.Ержанов осы жолмен 2016 жылы тағы да 103 бас ірі қара «сатып алып», 1 854 000 теңге жымқырған. Кейін «КазПромСтройГрупп» ЖШС-ның директоры Бақытжан Ержанов 3 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салу үшін «Жантізер» ШҚ-ның басшысы Л.Ержановамен 209 797 850 теңгеге келісімшарт жасайды. Сол кезде «Жантізер» ШҚ-ның есепшісі А.Өтепова «КазАгроМаркетинг» АҚ-ның Ақтөбе облысы бойынша филиалынан субсидия алу туралы құжатты дайындап, 102 353 256 теңгені алды.

Іс материалына сүйенсек, айыпталушы Бақытжан Ержанов Хромтау аудандық прокуратурасының прокурор Ж.Еспановқа телефон шалып, қорқытқан. Айыпталушы кәсіпкер Хромтау ауданы, Абай селолық округінің маңайындағы егістікке барып, бейтаныс С.Кетебаевпен кездеседі. Сол жерде шөп буушының жұмысы туралы сөйлесіп, төбелесіп қалған. Кейін денсаулығына ауыр дене жарақатын салғаны анықталды. 

Бар кінәні мойындап, прцессуалдық келісім сұраған айыпталушы Бақытжан Ержановтың өтішіні қанағаттандырылып, жаңа процессуалды келісім жасау үшін іс Хромтау аудандық прокуратурасына қайтарылды. Ал айыпталушы Б.Ержановты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. 

Соңғы жаңалықтар