Алаяқтар «Президент Әкімшілігінен» қоңырау шалып, зардап шегушілерге маски-шоу ұйымдастырған

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алаяқтар тобы Мемлекет басшысы жастардың жаңа командасын жинап жатқанын айтып, Президент Әкімшілігінен зардап шегушілерге қоңырау шалған. Астанадағы қымбат отельдерде кездесулер ұйымдастырып, оған жалға алынған люкс машиналармен, жалданған оққағарлармен барып отырған. 5 адамға сот үкімі шықты. Алайда олар жазамен келіспей, апелляцияға берген. ҚазАқпарат бұл туралы Астана қалалық сотына сілтеме жасап хабарлайды.

Астана қаласының апелляциялық соты 2022 жылдың 21 қарашасында Сарыарқа ауданының №2 соты шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Аталған үкіммен екі эпизод бойынша (алаяқтық және аса ірі көлемде алаяқтық жасауға оқталу) 5 адам жауапқа тартылған болатын. Бірінші эпизодта сома көлемі – 250 мың доллар, екіншісі бойынша – 500 мың доллар.

Анықталғандай, Ақтөбе қаласында жүрген азамат К. зардап шегушілерге қоңырау шалып, өзін Қазақстан Президенті Әкімшілігінің лауазымды шенеунігі ретінде таныстырған. Ол Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасынан кейін келешегінен зор үміт күттіретін жас басшылар командасын жинап жатқанын айтқан.

Кейін Астанадағы қымбат қонақүйлерде зардап шегушілердің кездесуін ұйымдастырып, оларды жоғары лауазымды қызметтер – Ақтөбе қаласының әкімі және Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары етіп тағайындау мәселесін талқылаған.

К. мен С. атынан жоғары лауазымды шенеуніктер рөлін Т. және Б. ойнаған.

Т. мен Б. Астананың қымбат қонақүйлеріндегі кездесуге жалға алынған люкс санаттағы көліктермен, жалданған оққағарлармен барып отырған. Қылмыстың тағы бір қатысушысы – Б., өзін олардың жүргізушісі ретінде таныстырып, бірінші эпизод бойынша 250 мың доллар ақша алған.

Келесі бір қатысушы – М. пәтерді бірнеше тәулікке жалға алу, өзге қалалардан ұшақпен келіп-кету, люкс санаттағы көліктерді жалға алу, екі оққарағарды жалдау мәселерін ұйымдастырған.

2022 жылдың 4 наурызында 300 мың теңге және 28 млн теңге көлеміндегі ақшаның муляжын зардап шегушіден алу барысында азамат Б.-ны полиция қызметкерлері ұстады.

«Әрқайсысының рөлі және олардың кәмелетке толмаған балаларының бары ескеріле отырып, сот 5-тен 7 жылға дейін әртүрлі жаза тағайындады. Ал делдалдың қылмыстың ашылуына бесенді атсалысқаны ескеріліп, оған 5 жылға шартты мерзім белгіленді», - делінген сот хабарламасында.

Сотталғандардың үкімді қайта қарау туралы апелляциялық шағымын сот қанағаттандырусыз қалдырды.


Соңғы жаңалықтар