Алаяқтар интернетте жалған жанармай карталарын сатып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде жанармай карталары сатылатыны жөнінде хабарландырулар тарап жатыр. Картаны белгіленген бағамен сатып алғаннан кейін, жанармай құю станциясында ақша төлеудің қажеті жоқ делінеді. Ақпаратты Stopfake.kz тексеріп көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қолданыста жоқ жанармай карталары алғаш рет 2021 жылы Ресейде сатыла бастады. Алаяқтар карталарды арнайы әзірленген сайт арқылы сатқан, ал сенгіш көлік жүргізушілері ақшаны олардың шотына аударып отырған», - делінген сайтта.

Анықталғандай, Қазақстанда алаяқтық схемасы сәл басқаша.

«Автокөлік жүргізушілеріне Helios, Qazaq Oil және «Газпром» компанияларының жанармай карталары ұсынылады. Сатылым Telegram арқылы Қостанайда расымен де жұмыс істеп тұрған компания атынан жасалып жатыр. Алайда, ашық деректерге сүйенсек, аталған фирма өрт сөндіргіш құралдарды толтырумен айналысады және жанармай саудасына ешқандай қатысы жоқ. Сонымен қатар, 2Gis қызметінде жанармай карталарын алу үшін компанияның кеңсесіне хабарласып, ол жерден ешкімді таппаған адамдардың пікірлері жазылған.
Айта кетейік, Helios, Qazaq Oil және «Газпром» ресми порталдарында жанармай карталарын делдалдар арқылы сату туралы ештеңе айтылмаған.

Qazaq Oil карталарды компаниямен шарт жасасқаннан кейін ресми сату орталықтарында 500 теңгеге сатып алуды ұсынады.
Ал Helios компаниясының сайтында жанармай карталары туралы ақпарат мүлдем жоқ. Оның орнына клиенттерге арнайы бонустық карталарды рәсімдеу ұсынылады.
«Газпром» компаниясында корпоративтік клиенттерге арналған жанармай карталары бар. Оны компаниямен ресми келісімшарт жасасқаннан кейін ғана сатып алуға болады.
Қорыта айтқанда, жанармай карталарын сату жарнамасы – алаяқтардың ісі. Компаниялардың жанармай карталары ресми бөлімдерде сатылады және оларды ресми келісімшарт жасалғаннан кейін ғана сатып алуға болады. Қазнетте карталары сатылып жатқан компания мүлдем басқа қызметпен айналысады, және оның карталар сатуға ешқандай қатысы жоқ», - деп қорытындылайды Stopfake.kz.


Соңғы жаңалықтар