Алаяққа сеніп қалған БҚО тұрғыны 11 млн теңгесінен айырылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Алаяққа сеніп қалған Орал қаласының тұрғыны 11 млн 250 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полицияға шағымданған 1975 жылғы жәбірленушінің сөзіне қарағанда, өзін «банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері» деп таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған.

«Сөйлесу барысында алаяқ жәбірленушінің сеніміне кіріп, есепшотындағы қаражатын сақтап беремін деп алдаған. Оның жалған сөзіне сенген тұрғын онлайн банкингте несие ресімдеп, қоңырау шалушыға 4 750 мың теңгені аударған. Содан кейін басқа екі банктен 4,5 млн теңге және 2 млн теңге несие рәсімдеп, қаражаттарды алаяқ көрсеткен шотқа аударып жіберген. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды, – деді БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Сұлтан Шалдарбеков.

Әдетте, мұндай жағдайларда қаржы шетелдік банктердің шоттарына аударымдар тізбегі бойынша кетеді және сол жерде қолма-қол ақшаға айналады. Сондықтан мұндай қылмыстарды ашу қиын және алаяққа кеткен ақшаны қайтару іс жүзінде мүмкін емес.

Орал қаласының тағы бір тұрғыны «OLX» сайты арқылы жарнамаланған қымбат емес, бірақ сапасы жақсы делінген жиһазға тапсырыс берген. Алайда 600 мың теңгесін аударғаннан кейін ақшасын да, жиһазын да ала алмаған. Жарнамалаушы да таптырмаған. Ақыры алданғанын түсінген ол полицияға жүгінген. Бұл дерек бойынша ҚР ҚҚ 190-бабы 2-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері жәбірленуші ақша аударған белгісіз адамның Павлодар қаласында болғанын анықтады. Өкінішке қарай, күдіктінің кім екенін анықтау және ұстау мүмкін болмай тұр.

«Мұндай деректер аз емес. Алаяқтар жиһаз, интерьер заттарын, арзан бағамен жалған бұйымдарды жасау, бөлшектер мен тауарларға тапсырыс беру секілді түрлі қызметті ұсынады және әркез алдын ала төлем жасауды сұрайды. Тауарлар мен қызметтерге алдын ала төлем жасамау қажет. Қызмет көрсетіліп, тауарларды жеткізгеннен кейін ғана есеп айырысқан жөн», деп хабарлады ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар