Алаяқ Атырау облысында әкім атынан хабарлама таратқан

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында алаяқ Жылыой ауданы әкімінің атынан хабарлама таратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлім болғандай, алаяқ WhatsApp мессенджеріндегі номерінің профиліне Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың фотосын орнатып, оның атынан бірнеше адамға хабарлама жазған.

Ж. Қаражанов алаяқ жіберген хабарламаларға сенбеуге шақырды.

«Қайырлы күн әлеуметтік желі қолданушылары. «Интернет-алаяқтық» ұғымы жергілікті атқарушы органға да жеткенін хабарлағанды жөн санаймын. Бүгін +7 775 634 8727 абоненті WhatsApp арқылы бірнеше азаматқа менің атымнан хабарлама таратқан. Аталған номердің негізгі суретіне менің жеке суретімді орнатқан. Барша тұрғындарға, мені жеке танитын азаматтарға аталған нөмірден немесе сіз танымайтын өзге нөмерден хабарлама келсе мән бермей, жауап бермеген жөн екендігін мәлімдеймін. Өз кезегімде қазіргі интернет-алаяқтық бойынша заң шеңберінде әрекет етудемін», - деп жазды Facebook-тегі парақшасында Жұмабек Қаражанов.


Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтардың құрбаны болған кез келген адам полицияға шағым түсіре алады.

«Әр адам өзіне қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жоспарланып отыр деп күдіктенсе, дереу полицияға хабарласуы керек. Телефон қоңырауы, sms-хабарлама мен бейтаныс адамдардан ұсыныстар түскен кезде сабырлық сақтау, құқық қорғау органдарына дереу хабарлау, ақпаратты тексеру үшін туыстарымен байланысу қажет», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырауда туристік фирма 50-ден астам адамды алдағанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар