Алаяқ әлеуметтік желідегі фотосуреттер арқылы бөтен адамдарға 50 несие рәсімдеген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов заңсыз онлайн несиелер қалай рәсімделетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Интернет алаяқтарды анықтау бойынша биылғы 9-11 ақпан аралығында «Anti-Fraud» операциясы өткізілді. Үш күнде 300-ден астам қылмыс тіркеліп, бұрын жасалған 289 алаяқтық қылмысы ашылды. Алаяқтықтық көп тараған түрі – ол интернет алаңдарда тауар сату немесе қызмет көрсетуге байланысты. Олар тауар бағасын төмен бағамен белгілейді, сондай-ақ қызмет көрсету құнын төмендетіп көрсетеді. Алаяқтар тауар сатып алушыларға бөтен адамның атына рәсімделген шоттарға төлемді толықтай немесе ішінара жасауды сұрайды», - деді Қ. Нұрмағамбетов онлайн режимдегі брифингіде.

Оның айтуынша, микронесиелік ұйымдарда онлайн қарыздарды заңсыз рәсімдеу жиілеп кетті. Қылмыскерлер интернет арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін алуға тырысады.

«Шымкент қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде табылған жеке құжаттар туралы хабарландыруларды іздеген. Жеке куәлік фотосуреттерінен тиісті мәліметтерді алғаннан кейін, түрлі облыстар тұрғындарының атына 50-ге тарта онлайн несие рәсімдеген», - деді Криминалдық полиция департаментінің өкілі.

Сонымен қатар ол банк карталары мен депозиттердегі қаржыны заңсыз иемдену үшін жеке мәліметтерді алудың басқа да тәсілдері тіркеліп жатқанын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қылмыстардың жалпы ауқымында 10 пайыздан астамы алаяқтыққа тиесілі.

«Пандемия кезінде әлемде қабылданған шектеулер қоғамдағы мәселелер мен міндеттердің көбісін интернет желісі арқылы шешуге үйретті. Дегенмен киберқылмыстар саны да жиілеп кетті, оның ішінде интернет алаяқтық жағдайлары көбейді. Өткен жылы мұндай 14 мың қылмыс жасалса, ал биылдың қаңтар айында 1700-ден асып түсті», - деді Қ. Нұрмағамбетов.


Соңғы жаңалықтар