Алаяқ 3 млн теңгеге ШҚО тұрғыны атынан онлайн-несие алған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының тұрғыны алаяқтың тұзағына түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шемонаиха аудандық полиция бөліміне 34 жастағы жергілікті тұрғын жүгінген. Өз сөзінде ол алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді.

«Белгілі болғандай, оны әңгімеге тартқан бейтаныс біреу телефонын сұрап алып, банктің мобильдік қосымша арқылы 2 900 000 теңгеден астам сомаға ақшалай несие рәсімдеген. Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері 27 жастағы жігітті қолға түсірді. Жауап алу кезінде ол кінәсін толықтай мойындады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта күдікті қолхатпен босатылды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.


Соңғы жаңалықтар