Алатау ауданының әкімі Алғабастағы апатты жағдайдағы үй туралы мәлімдеме жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзоров БАҚ өкілдеріне Алғабас ауданында апатты жағдайда тұрған №136 көп қабатты тұрғын үйге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аталған тұрғын үй биыл жазда қисайып кеткен болатын. Төтенше жағдайға байланысты тұрғындар эвакуацияланған.

«Бұл мәселеде бірқатар нәтижеге қол жеткіздік. Кәріз, ауыз су, сылақ жұмыстарына қатысты қиындықтар болды. Бірақ, оның барлығын жөндедік. Мен өзім ол жерге (Алғабас - ред) аптасына бір рет барып тұрамын», - деді Б.Манзоров.

Бұған дейін апатты жағдайдағы үй тұрғындарына биылғы жылдың желтоқсан айының соңына дейін жаңа үй салынып, берілетіні хабарланған болатын.

Бүгінде «Астана-Құрылыс» компаниясы дәл осындай 72 пәтерлік үйдің қабырғасын көтеріп қойды.

Алатау ауданы әкімінің орынбасары Шахмерден Рысбаев жалпы Алғабас шағын ауданында абаттандыру жұмыстарын болмағанын, сондықтан қазір аулаларды абаттандыру толығымен қолға алынғанын айтты.

«Жаңбыр суын өткізу бойынша арық жүйесі де жасалып жатыр. Апатты үй тұрғындарына өтемақы төленіп, басқа үйлерге көшірілген», деп еске сала кетті әкім орынбасары. 

Еске сала кетейік, Алматының  Алатау ауданындағы Алғабас ықшамауданында (Момышұлы және Ақын Сара көшелерінің қиылысы) жаңадан салынған үй маусым айында қисайып, тұрғындары түн ішінде эвакуацияланған болатын. ҚР ІІМ ТЖК мәліметінше, үй астындағы жер шөгіп кеткен және содан үй қисайған. Бұл үйде шамамен 200 адам тұрған.

Аталған үй 2014 жылы тұрғызылған.  Тұрғындар оған 2015 жылдың қазанында Мемлекеттік бағдарлама бойынша көшіп барған. Үйде 72 пәтер бар.

Соңғы жаңалықтар