Алатау ауданында 18 кәріз сорғы станциясын салу керек - Ерболат Досаев

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алатау ауданында 18 кәріз сорғы станциясын салу қажет. Алматы қаласының әкімдігі осы станцияларды салу және іске қосу үшін кедергі келтіретін құрылыстар орналасқан жер учаскелерін кезең кезеңімен алу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта «Ақбұлақ», «Өжет» және «Самғау» шағын аудандарында сумен қамту желілері салынып, оларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 6 шағын ауданда жалпы ұзындығы 207 шақырым болатын орталық сумен қамту және су бұру желілері салынып жатыр. Жыл соңына дейін «Шапағат», «Қарасу», «Алғабас» шағын аудандарының тұрғындары су құбыры желілеріне қосыла алады»,- деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, ол 10 кәріз сорғы станциясы және «Шаңырақ-1» шағын ауданында сумен жабдықтау және су бұру жұмыстары аяқталуға жақын екенін жеткізді. Қалған шағын аудандар бойынша жұмыстар 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарда.

«Сонымен бірге, осы жылдың қыркүйек айында «Теректі» шағын ауданында 44 км су және 32 км канализация желілерінің құрылысын бастаймыз. Осы жұмыстар 2024 жылдың желтоқсанына дейін жүргізіледі. Бүгінде су канализация жүйесінің жұмыс істеуі үшін ауданда 18 канализациялық сорғы станциясын салу қажет. Алматы қаласының әкімдігі осы станцияларды салу және іске қосу үшін кедергі келтіретін құрылыстар орналасқан жер учаскелерін кезең кезеңімен алу туралы шешім қабылдады»,- деп атап өтті Алматы әкімі.

Қазіргі уақытта «Шаңырақ-2» шағын ауданында 4 учаскені алу жұмыстары жүріп жатыр. 3 учаскеде жұмыстар жүргізілуде, жабдыққа тапсырыс берілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген.

Ерболат Досевтың сөзінше, кәріз сорғы станцияларының құрылысы аяқталғанға дейін Алатау ауданының әкімдігі осы шағын ауданда ассенизаторлық машиналарды пайдаланып, септиктер мен канализация жүйелерін тазалауды қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар