Алаштың Астанасы - Қазақстан мемлекеттігінің теңдессіз жетістігі

None
None
АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана келбеті - ұлт келбеті. Біздің Астанамыз қай жағынан қарағанда да кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді», - деп осыдан біраз жыл бұрын айтып еді. Сол Астана бүгін 15 жасқа толып, аз ғана жылдың ішінде әлем таныған әсем қалалардың қатарынан көрінді.

Жер жаһан Астананы Қазақтың бас қаласы ретінде танып қана қойған жоқ, Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналғанын да мойындап отыр.

Алдымен 15 жастағы Астананың ұлы даланың Бас қаласына айналу тарихына ден қоялық. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Н. Назарбаев республика астанасын Алматыдан басқа өңірге, оның ішінде орталыққа көшіру туралы мәселені көтерді. Соның арқасында 1994 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды. Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Соған орай Ақмолаға қарай ресми көштің басы 1997 жылдың күзіне қарай басталды. Осы жылдың 20 қазанында Президент Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмола қаласына жеткізілді. Осы салтанатты шарада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев: «Барлық саяси шешімдер бүгіннен бастап осы қалада қабылданатын болады», - деп ресми жариялаған еді. Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке 10 маусым күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні атауы беріліп, оны атап өту алғашқы шешім қабылданған күн - 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

Ал содан бергі кезеңде Алаш жұртының ару Астанасы төрткүл дүние тамсанатын, әлем­нің атақты астаналарымен салтанат жарыс­ты­рып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы эко­номика, дінаралық келісім кеңестері өте­тін жаһандық орталық дәрежесіне жетті. Соның айқын дәлеліне келсек, 2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана Саммитін өткізгелі бері Елорданың мерейлі мәжілістер өткізе алатын деңгейі қуаттала түскендей болды. Айбарымызды асқақтатқан Азияданы қоспағанда халықаралық саяси һәм экономикалық маңызды мәселелер талқыға салынған жиындар, жоғары деңгейде халықаралық шешімдер қабылданған мәжілістер соның айғағы. Бір сөзбен айтқанда Астана қазақ даласының ғана емес, өңірдің беделін алға сүйреп келеді. Ал ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі секілді жаһандық деңгейдегі басқосулардың алдағы уақытта да өткізілуі елорданың даңқын да арттыра түспек. Ендеше 15-ақ жасқа жаңа жеткен Астананың қандай құдыреті бар? Соған бір сәт үңілсек.

Халықаралық маңызды жиындар орталығына айналған Астана туралы айтқанда ең алдымен, мынаны есте ұстауымыз керек: әлемдік шаралар бастамасын өткізуді алдымен сол елдің өзі көтереді. Сосын басқалары соны құптаса болады, құптамаса ол жағы белгілі. Осы ретте ең алдымен Елорда ТМД аумағындағы осы заманғы архитектураның тамаша үлгісі бола алған қала екендігін айтуымыз керек. Өйткені, Астананың үлкен жетістігі жай ғана бас қала болып қалуында емес, қазіргі заманғы сәулет өнерінің жауһарларын тұла бойына сіңіре білуінде болып табылады. Әуелден астананың іргесі солай қаланған қала. Өйткені, бүгінгі Астананы араласаңыз архитектураның көптеген үлгілерін табасыз. Еуропалық стиль де, шығыс стилі, абстракционизм де, сәулет туындысының осы заманғы үлгілерінің бәрін де елордадан табуға болады. Ең бастысы әрбір ғимараттың өн бойында қазақтың ұлттық нәрі де үйлесіммен орын ала білген. Бір сөзбен айтқанда, өткен он бес жыл ішінде Астана сәулет өнерінің ғажайыбына айналды. Ал өткенде ғана есігін айқара ашқан «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театры Астананың әлемдік атағын онан сайын асқақтата түсетін болады. Сондықтан да, елордаға АҚШ-ты да, Еуропаны да, Азия мен Африканы да ұялмай шақыруға болады. Қарапайым мысал, үй иесі қонақ шақыру үшін де оған белгілі бір жағдайының болғаны ләзім. Үйі сыпырулы ғана емес, сырт көз сыншыны сәнімен де мойындатуы керек. Сол секілді Астана да кез келген деңгейдегі халықаралық жиынды ұялмай шақыратын архитектуралық тамаша қала болғандығынан халықаралық бастамалар құпталып жатыр, деп білеміз.

Екінші мәселе - Қазақстанның қазіргі жүргізіп отырған саясатының дұрыстығы. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін де, ИЫҰ-ның конференциясын да, Әлемдік діндер басшыларының съезін де, Астана экономикалық форумын да, басқа да үлкен жиынды өткізіп жатқанымыз Қазақстанға деген шет мемлекеттердің, әлемдік қауымдастықтың сенімін білдіреді әрі бұл сенім өңірдегі басқа елдерге қарағанда ресми Астанада зор. Қазақстанның кез келген мәселе бойынша мықты ұстанымы баршылық, ал ондай саяси ұстаным халықаралық қауымдастық тарапынан танылған әрі жоғары деңгейлі көпшілік мойындаған ұстанымдармен көп үйлеседі.

Жалпы, Астана он бес жасында биік белестерді бағындырып, ел экономикасын ілгерілететін қозғалтқышқа айналды. Мәселен, осы уақыт ішінде Астананың өңірлік жалпы өнімінің көлемі 45 есе дерлік - 60,5 миллиард теңгеден 2,7 триллион теңгеге дейін өсті. Астана отандық құрылыс саласының қуатты жаңа серпілісін қамтамасыз етті. Елордада 15 жылда жалпы көлемі 11 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды.

Күні кеше Астананың он бес жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы осы жетістіктердің баршасын айта келе, елорданың экологиясына да зор көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Мәселен, Астананың маңында және қала ішінде қазірдің өзінде қолдан отырғызылған 65 мың гектар орман, саябақ және гүлзар өсірілді. Астаналық жасыл көгал алаңының аумағы миллиондаған шаршы метрмен есептеледі. Бұл жұмыс жалғасуда. 2020 жылға дейін қала ішіндегі және елорда маңындағы жалпы көлемі 100 мың гектар аумақ жасылдандырылатын болады. Астана құрылысының негізгі идеясы темірбетон мен табиғаттың үндестік-симбиозында жатыр. Біртіндеп, елордамыз жасыл желекке «орануда», бүгін шаң-тозаң жоқ, ал қала айналасындағы жасыл көшеттер дала бораны мен күшті желден қорғайтын табиғи қалқаға айналды. «Мен Астана айналасындағы «жасыл белдеу» Шортанды-Бурабай аймағының орманына ұласып, біртұтас орманды алапқа айналатынына, қалалықтар мен қонақтарға табиғат аясында демалып, бой жазуға мүмкіндік туғызатынына сенемін», - деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысының айтуынша, елорданың ертеңі Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесімен де әйгілене түседі. «Ғаламшардың 150 елі қатысатын бұл жаһандық оқиғаға қазірдің өзінде ықтиятты дайындық жүріп жатыр. Енді 4 жылдан соң ауқымды жаңа көрме кешені бой көтеретін болады. Тек қана баламалы қуат көздері есебінен қамтамасыз етілетін тұтас бір қала орамын салу жөнінде шешім қабылданды. Қалада жеңіл рельс көлігінің желісі пайда болады. Бүкіл Орталық Азия өңіріндегі ең биік ғимарат - 80 қабатты «Абу Даби Плаза» кешені салынады. Астана үш ай бойы 5 миллиондай туристі қабылдауға тиіс болады. Ол - елордамыз үшін орасан жауапкершілік. Бұл жаһандық емтиханды Астана мен барша Қазақстан «өте жақсы» деген бағаға тапсырады деп мен кәміл сенемін», - деді Мемлекет басшысы. «Астана - халықты Қазақстанның өсіп-өркендеуінің және әлемге танылуының жаңа биіктеріне бастайтын біздің бүкілқазақстандық, жалпыұлттық идеямыз. Біздің елордамызды жаңа мыңжылдықта айрықша болашақ күтіп тұрғанына менің ешқандай күмәнім жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында жалпыұлттық мерекеге айналып отырған Елорда тойы Астана мәртебесін асқақтата түссін деп тілейік!

Соңғы жаңалықтар