Алашорда құрылтайына 10 мың адам жиналған Аққұсақ қонысы киелі жерлер картасына енді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Аққұсақ қонысы жалпыұлттық қасиетті жерлер картасына енді. Бұл жер алашордалықтардың құрылтайы өткен тарихи жер ретінде танымал, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аққұсақ қонысы СҚО Жамбыл ауданы Петровка елді мекенінің маңында орналасқан.

1918 жылы осы жерде, Әлти қажының қонысында Міржақып Дулатов бастаған алашордашылардың ұйымдастыруымен қазақтардың үлкен құрылтайы өткен.

Тарихшылардың айтуынша, сол жолы маңызы зор жиында Алаш үкіметін құру және оның әрі қарай қызметі, салық жинау, Алаш армиясын құру секілді үлкен мәселелер қаралды.

«Алашорда үкіметінің басшылары Міржақып бастаған топ жиналып, халыққа Алаш Үкіметінің негізгі мақсатын, осы мемлекеттің қалыптасып, нығаюы үшін армияның қажет екенін, ер-азаматтардың әскерге қажет екенін айтып, түсіндірген. Халық бірауыздан қолдап, қолдау көрсеткен екен. Сәбит Мұқановтың кітабында да бұл жайында айтылады, сол жиынға 10 мыңға жуық адам жиналды деп. Соншама халық келген үлкен жиын Аққұсақ жерінде болыс болған Әлтидің баласы Сәдуақастың жерінде өткен. Әлти қажы өте керемет бай болған азамат. Ол балаларымен бірге Алаш қайраткерлерінің 100-ге жуық азаматын өзі қабылдап, бірнеше киіз үй тіккізіп, жалпы ұйымдастыру, ас-су жағын түгел өз қолына алған. Жоспар бойынша 150-200 өкіл келеді деген, бірақ халық Міржақыптың, Алаштың көсемдері келетінін естіп, осы Солтүстік өңірден – Қызылжар, Ақмола, Көкшетау, Атбасарға дейін, Омбы, Қорғаннан осында жиналған. Жиналыста Міржақып сөйлеген уақытта 22 болыстан келген қазақтың ауқатты байларына армияны құрған кезде ер-тұрманмен, атпен, қаражатпен көмектесу қажеттігін айтқан. 1918 жылдың маусым айында оның шешімімен әрбір ауылдан белгілі бір түрде салықтың көлемі белгілеген», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Тарихи, архивтік деректер негізге алына отыра биыл көктемде Аққұсақ қонысына үлкен тас белгі қойылып, аумағы 240 га аумақты алатын мемориалдық кешен салынатын болып шешілді.

Алашорда құрылтайы өткен мекен жалпыұлттық киелі жерлер картасына да енді.

«Бұл жер қасиетті, тарихи жер. Қазақстанның тарихында сол кезде, өткен ғасырда бұрын-соңды осыншама халық жиналған емес. Қазақ өзінің еркіндікке, тәуелсіздікке деген көзқарасын көрсетіп, өркениетті түрде халықаралық стандартпен жаңа мемлекет құрам деген Алаштың бағдарламасын қолдады. Алашорданың бағдарламасы, жоспарлары іске асса, біздің мемлекет демократиялық, қазіргі Түркия, Жапония, сол сияқты дамыған ел болар еді. Мемлекет құрылысы, қоғам басқа жолмен жүрер еді. Өкінішке орай, большевиктер Алаштың көсемдерін қудалады, өлтірді. Алаштың идеяларын құртты, мұрасын бізге көрсетпеді, істеген істерін бізге басқаша бұрмалап көрсетті. Президентіміз «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатыр, екінші республика деп. Соған Алаштың құндылықтарын, саясат, идеология, ғылым, мәдениет, руханият – қай сала болсын міндетті түрде кіргізіп, сол бойынша дамысақ, ұлттық жолымызбен халықаралық тәжірибелерді пайдаланып, сонда біз жаңа деңгейге көтерілеміз», - дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткер, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов.

Тарихшының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы тапсырмасы аясында осы Әлти бидың қонысында үш халықаралық конференция өтті.

Бұл жерге республиканың ең белгілі тарихшылары, ғалымдары келіп, үлкен ойлар айтылды, тұжырымдар жасалды.

«Комиссия құрылғаннан бері үлкен жұмыс істелді. Архивте құпия жатқан 2 млн 400 мың құжатты аштық. Барлық облыстарда филиалдар жұмыс істеп жатыр, 10 топ құрдық. Соның бәрі үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Үш жаңа заң дайындап жатырмыз. Еліміз бойынша саяси-қуғын сүргін құрбаны, ақталмаған 3 млн-ға жуық адам бар», - дейді Сабыр Қасымов.


Соңғы жаңалықтар