Алаш жолын халықаралық деңгейде зерделей түсудің маңызы зор - Мәжіліс депутаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына Алаш арыстары құндылықтарына байланысты сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сауал барысында депутат биыл  «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар өткізіліп жатқанын еске салды.  "Кезінде Алаш қаласы атанған Семейде Әлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш орнатылды, Астанада Алаш көсемінің есімі үлкен даңғылдардың біріне берілді, Батыс Қазақстанда Алаш мұражайы ашылды. Қорыта айтқанда, Алаш мұрасын, оның арыстарын ұлықтауда қоғамдық ұйымдар мен  мемлекеттік органдар ұйымдаса отырып біршама шаралар атқаруда. Бірақ, Алаштың маңыздылығы биылғы жүз жылдықты атап өтумен ғана шектелмейді. Алаштың мәні мен құдіреті - ұлттың рухы мен еліміздің қанына сіңген темірқазықтай биік те берік ұғым»,- деп тоқталды депутат.

Берік Дүйсенбиновтің пайымынша, Алаш жолын елімізде де, халықаралық деңгейде де зерделей түсудің, Алаш идеяларын, әсіресе жас ұрпаққа таратудың маңызы зор. Қазақстанның азаттығы жолына бар өмірін арнап, саналы түрде құрбандыққа барған Алаш арыстарының мәңгі өшпес істерінің құндылығы жүз жылда бір аталып өтетін шара болып қалмауы керек.

Осы орайда депутат 2018 жылы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толатынын айта келе, Алаштың 100 жылдық мерейтойы келесі жылы Мағжан оқуларымен жалғасын тапса деген ұсынысын жеткізді. «Мәдениет министрлігіне жолдаймыз. Мағжан оқулары алдағы жылы бүкіл республика аумағында өткізіліп, ал оның қорытындысы Мағжан Жұмабаевтың туған өлкесі Қызылжарда ( Петропавл) жасалғаны жөн. Ал болашақта Мағжан оқулары атаулы даталарда ғана емес, жыл сайын тұрақты өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басты бағытына сай келетін бұл ұсынысымызды Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, қолға алуын сұраймыз», - деді депутат.

Фото:parlam.kz

Соңғы жаңалықтар