«Алаш туы астында»: Мұндай фильмді бұрын көргенім жоқ - Мәмбет Қойгелді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Деректі фильмнің үш бөлімі Алаш қозғалысының қалыптасуы, қызмет еткен кезеңдері, 1920 жылғы қазақ шекарасын анықтаумен басталатын Алаш қайраткерлерінің Кеңестік дәуірдегі күресіне арналған. 

«Алаш туы астында» фильмінің тұжырымдамасы тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді еңбектеріне сүйеніп жасалған.

Бас кеңесші фильмге елімізде Алаш қозғалысы туралы ең алғашқы концептуалды, сауатты түсірілген деген баға берді. 

 «Осы уақытқа дейін елімізде Алаш қозғалысы туралы ең алғашқы концептуалды, сауатты түсірілген фильм. Мұндай фильмді өзім осы уақытқа дейін көргем жоқ. Идеямен қанаттанған, осы жолда жігерлілік көрсеткен, шаршамайтын, талмайтын азаматтардың ғана қолынан келетін іс бұл. Құжатты фильм ретінде үмітті ақтады. Фильмде алаш қозғалысының шығу негізі, өткен кезеңдері,  соңы немен  аяқталды деген сауалға жауап табуға болады. Фильм таралымын тапса қоғам үшін, оқу процесі үшін пайдалы болар еді.

Ғалым Алаш қозғалысына қатысты деректерді бір фильмге сыйғызу мүмкін емес екенін, оқиғаның жалғасын тапқанын құп көреді.

Болаттың  (Мүрсәлім-ред. ) шығармашылығы осы бағытта, осы арнада әлі жалғасады деп ойлаймын.  Жетпей тұрған нәрсе - Алаш идеясының тағдыры. Алаш сахнадан кеткеннен кейін, әрі қарай немен жалғасты. Алаш өлген жоқ, идеясы бар дейміз. Ендеше оның арғы тағдыры қалай болды, осыған ғалымдар көңіл аударуымыз керек.

Деректі фильмнің сценарий авторы әрі жүргізушісі - Болат Мүрсәлім.

Филология ғылымының докторы Айгүл Ісмақова өз кезегінде  шәкіртіне алғысын жеткізді.  

Тұрсын Жұртбай,  Мәкең (Мәмбет Қойгелді -ред.) бастаған жігіттер Алаш  үкіметі қашан  туды,  қай сағатта не істегенін  дайындап берген. Ал осыны экранға шығарып,  асқан жанашырлықпен Алашорданың  шежіресін айтып беру - шәкіртім, Болат Мүрсәлімге  бұйырыпты.  Алаш үкіметін осылай жоқтауымыз керек.  Студенттерге сабақ кезінде сөзбен ғана айтатын құжаттық деректер бар. Ал енді бұл  фильмді семинарларда толығымен ғылыми процеске  енгізуге болады»,-деді Айгүл Ісмақова. 

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алаш қайраткерлерінің табаны тиген  Семей, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа қалаларында жүргізілген.

«Ресейдің төрт қаласында Қазан, Уфа, Санкт-Петербург, Мәскеуде біраз түсірілімдер жүргізілді. Кино саласында жүрген азаматтар жақсы біледі, сол Кремльге, бұрынғы Смольныйға,  Дума отырған Таврия сарайына рұқсат алу оңай емес. Өндіріс басталған бетте Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмғанбетов мырзаға хат жаздық. Ресейдің сыртқы істер министрлігінен аккредитация алу керек, ал ол процесс  1 жылға созылады екен.  Елшіліктің пресс атташесы Жанар Калбачаева  аккредитация алуға  үлкен көмегін тигізді. Қарындасымызға түсірілім тобы атынан алғысымызды білдіреміз»,-деді Болат Мүрсәлім.

Деректі фильм 2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ  «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе түсірілген. Режиссері - Ерген Тоқмұрзин.

Бұл фильм былтыр жыл соңында дайын болды. Ол кезде өкінішке орай, «Қазақфильмнің» премьералар кестесі алдына ала бекітіліп, кинотеатрлармен есептеліп қойғандықтан шығара алмай қалдық. Еліміздің Қарағанды, Семей, Шымкент сияқты ірі мегаполистерінде  көрсету жоспарда бар. Қыркүйектің соңында Астанадан бастаймыз.  Сонымен қатар республикалық телеарналарға да ұсынамыз»,-деді киностудияның баспасөз қызметінің жеткешісі Айнұр Исаева. 

Соңғы жаңалықтар