«Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсауы кесілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1918 жылдың  8-23 қыркүйегі аралығында Уфа қаласында мемлекеттік мәжіліс өтті. Сол отырыста Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес мүддесін заңды түрде қорғаудың үлгісін көрсетті. 

Аталған деректі фильм Алашорданың 100 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылып отыр.

Фильмнің жұмыс тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді.

Деректі туынды «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» секілді үш бөлімнен тұрады.

«Бүгінгі тарихи фильмнің тұсаукесерін айтулы оқиға деуге болады. Біздің тарих толқынымыздың қуанышты күндермен қоса қайғылы сәттері де бар. Патша өкіметі мен Кеңес заманында Алаш қайраткерлері қазақ елінің тұтастығын ойлап жүріп өздері құрбан болды және көптеген ел дамуындағы жоспарларын жүзеге асыра алмады. Бұл фильм Алаш ардақтыларының құрметіне және Алашорданың 100 жылдығына орай арнайы тапсырыспен түсірілді», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Министр сөз соңында деректі фильмнің түсірілім тобына, оның ішінде фильм жұмысына тікелей қатысқан «Ел» продюсерлік орталығына алғысын білдірді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше А.Мұхамедиұлы астаналықтарды фильмнің тұсаукесеріне шақырған болатын. 

Фильмнің режиссёрі - Ерген Тоқмурзин, бас кеңесшісі - Мәмбет Қойгелді, шығармашылық кеңесшісі - Тұрсынжан Шапай, сценарийдің авторы - Болат Мүрсәлім, қоюшы операторы - Мұстафа Өнер және композиторы - Бейбіт Ақош.

Айта кетейік, фильм Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және  «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесіп түсірілді. 
null 

Соңғы жаңалықтар