Алаш қайраткерлері туралы тарихи шындық салтанат құруы тиіс - Мәмбет Қойгелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Егемен Қазақстан газетінде шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс»,-деді. Осы мақалаға қатысты пікір білдірген тарихшы Мәмбет Қойгелді Алаш мұрасын насихаттау жұмыстары қалай атқарылуы тиіс екенін айтты.

«Тарихи танымға байланысты жарияланымдары арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлының ел тарихын терең әрі нәзік түсінетіндігі байқалады. Біздің заманның бір ерекшелігі ел басшылығындағы тұлғадан ұлт тарихынан терең білімдар болуды талап етеді. Бізге өзге мемлекеттер тарихынан мәлім, мәселен, өз елінің тарихынан оқулықтар жазу ісіне Мұстафа Кемал Ататүрк, Джавахарлал Неру, Франсуа Миттеран сияқты ірі мемлекет басшылары белсенді түрде араласып отырған. Ф.Миттеран халықаралық тарихшылар конгресінің өтінішімен тарих ғылымының ұлт өмірінде алатын орны туралы баяндама жасаған. Ол берген сұхбатында француз революциясының қайраткері М.Робеспьер (1758-1794) туралы қоғамдағы пікір алшақтығы әлі күнге дейін толастамай отырғанына тоқталып, біреулер оны революцияның ұлы қайраткері санаса, ал екіншілері оның қызметін революциялық террормен байланыстырады. Бұл пікірталас қоғамның рухани тұрғыдан кемелденуіне жағымды әсері болғанына көңіл аударады. Қорыта айтқанда, мемлекет басшысына елдің тарихын жақсы білу сол қоғамды сәтті басқарудың алғы шарты есебінде қабылданған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алаш арыстарының мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» деген тұжырымын мен мәселені стратегиялық тұрғыдан қоюдың көрінісі ретінде қабылдадым», - дейді Мәмбет Құлжабайұлы.

Алаш қозғалысын оқыту және насихаттау ісінде ескерілуі тиіс ерекшеліктерге тоқталған тарихшы ұлт тағдыры үшін күрескен тарихи тұлғалар қоғам санасынан өз орнын алуы тиіс дейді.

«Алаш қозғалысын советтік идеологиялық, ОГПУ органдары қуғын-сүргінге алып, жойған ұлттық зиялылар қызметімен ғана шектеу қателік болар еді. Яғни, Алаш қозғалысы өткен ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан қазақ ұлт-азаттық қозғалысының заман сұранысына сәйкес жаңа тұрпаттағы көрінісі. Алаш қозғалысын оқыту және насихаттау ісінде оның мынадай ерекшелігі ескерілгені жөн. Біріншіден, бар болғаны он екі-ақ жылдың ішінде (1905-1917) қызметін ағартушылықтан бастап, ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту ісін қолға алған жалпыұлттық қозғалыс деңгейіне дейін көтерілді. Екіншіден, Алаш идеясын іске асыруға атсалысып, сол үшін отарлаушы билік тарапынан жазаланған барлық ұлт зиялылары – қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері ретінде кең түрде насихатталып, ұлт тағдыры үшін күрескен тарихи тұлғалар ретінде қоғамдық санадан өз орнын алуға тиіс. Үшіншіден, 1917 жылы желтоқсандағы жалпықазақ съезінде өмірге келген Алашорда үкіметі Советтік билікке балама билік түрі ретінде түсіндірілгені тарихи шындыққа үйлесімді болмақ. Осы баяндалған жағдай өз кезегінде мынадай мәселеге қозғау салады. Советтік идеология кезінде Алаш қозғалысын Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы ретінде атауға, ал оның қайраткерлерін – ұлт азаттық күрес қаһармандары ретінде мойындауға, сондай-ақ осы қозғалыстың логикалық жиынтығы әрі тәжі болған Алашорда үкіметін ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту әрекетінің көрінісі болғанын айтуға үзілді-кесілді қарсылық танытып, бұл ақиқатқа байланысты түрлі бұрмалаушылықтарға барды және оларды халық жадына берік сіңдіруге біраз күш салды. Соған байланысты өткен ғасырдағы қазақ азаттық қозғалысын түрлі ғайбат, негізсіз пікірлерден біржола аршып алу мақсатында билік тарапынан ресми құжат қабылданғаны орынды болар еді», - деген пікірін білдірді алаштанушы.

Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, ендігі жас буынға осы айтылған мәселелерді мүлдем жаңа арнада түсіндіруге тура келеді. Өйткені, Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлері туралы тарихи шындық халыққа әлі толық жеткен жоқ.

«Бүгінгі күнде біздің отандық тарих жаңа философияға мұқтаж. Соңғы кезеңге дейін отандық тарихнаманың кіндігі жалпыимпериялық тарих философиясымен бірге болып келді. Соған байланысты біз ұлттың жүріп өткен қайталанбас жолындағы ерекшеліктерді тиесілі дәрежеде аша алмай келдік. Ендігі уақытта бұл жағдай өзгеруге тиіс. Біз отан тарихының, мәселен, отарлық тәуелділіктегі кезеңін жаңа контексте қарауға міндеттіміз. Осыдан жүз елу жеті жыл бұрын жас дарын Шоқан Уалиханов соңғы жазған еңбегінде шынайы өмірден алыс немесе басқа елдің өмірінен алынып қазақ өміріне зорлау арқылы енгізілген реформалардың халқымызға шексіз көп қиянат әкелгені туралы ашына жазған еді. (Шығ.жинағы, 4 том, 79 б.) Содан бергі уақытта патшалық және советтік биліктердің қазақ халқының өмірлік сұраныстарын қанағаттандыра алатын реформалық шараларды іске асыра алмағанын, бұл жағдайдың қазақ елін дербес мемлекет құруға мәжбүр еткенін әлгі кей оппоненттер түсіне алмайды, мүмкін түсінгісі де келмейді. Бізде, яғни қазақ менталитетінде көрші ел мемлекеті мен қоғамына қатысты орныққан саяси ізеттілік мәдениеті қалыптасқан. Уақыт сынынан өтіп, өзін ақтаған ұстаным. Сонымен бірге саяси ізеттілікті біржақты қозғалыс, қажеттілік ретінде түсіну бұл қоғамаралық қатынасты тоқырауға бастайтыны дәлелдеуге мұқтаж емес ақиқат. Қазақ-орыс қатынасында әртүрлі кезеңдер болған. Біздің Ғылыми тарихнамамызда басымдылықты мәселенің күнгей беттеріне беру дәстүрі қалыптасқан. Ол да дұрыс. Қазақ тарихшылары бұл дәстүрді қайта қарауды ұран етіп көтерген емес, көтермейді де. Бұл ұстаным. Ал оны аңғалдық, таяздық ретінде қабылдап, тарихи тәжірибені қорытуда күшке басымдық беруді, әрине, арандап қалуға бастайтын жол демеске шара жоқ. Қалыптасқан жағдайға байланысты тарих ғылымы, әрине, шынайы тарихи фактілерге жүгінуге шақырмақ.

1943 жылы жарық көрген «История Казахской ССР с древнейших до наших дней» аталатын кітаптан оқуға болады. Кітап демократиялық ұстанымдағы Ресей мен қазақ ғалымдарының риясыз көңілмен даярлаған еңбегі еді. Кітаптың ІХ тарауында патшалықтың бодандығына енуі туралы «антты қазақ билеушілерінің жоғарғы өкілдері ғана берді», сондықтан да «қазақтардың ресейлік бодандыққа өтуі қазақ ақсүйектері мен патша үкіметі арасындағы келісімнің нәтижесі» болды, бодандық халық бұқарасының еркінен тыс қабылданды деген тұжырым жасалған. Тура осы тұжырым 1943 жылы жарық көрген бұл кітаптың кітап сөрелерінен алынып тасталуына негіз болғаны мәлім.

Патшалық биліктен соң қазақ жеріне Совет өкіметі орнықты. Советтік тарихнама ресми идеологияның талабына сәйкес совет өкіметін баламасыз билік еді деген тұжырымға келді. Ал осы тұжырым негізді ме еді? Әрине негізді емес-тін. Советтік тарихнама 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында өткен жалпықазақ сиезін «қоғамның жоғарғы бай-феодалдарының және халық мүддесіне қарсы «Алаш» партиясы өкілдерінің» жиыны ретінде атап, ал съездің Алаш автономиясы мен Алашорда аталатын үкіметін құру туралы шешімін ешқандай негізсіз контрреволюциялық әрекет есебінде бағалады. Мұндай тұжырым советтік тарихнамада орын алған тарихи ақиқатты бұрмалаушылықтың бірі еді. Осы ретте 1917 жылғы желтоқсандағы жалпықазақ сиезіне қатысқан өкілдерге байланысты мынадай жағдайға көңіл аударуды өзімізге парыз деп білеміз. Біріншіден, екінші жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттіліктен туындаған шара болатын. Бүкіл Ресей империясын жайлаған берекесіздік жағдайында Ә.Бөкейханов бастаған топтың бұл съезді ұйымдастыру әрекеті зор жауапкершілікті өз мойындарына алған нағыз отаншылдық ұстанымның үлгісі еді. Аға ұрпақтың бұл қызметін ұлттың кейінгі буындары осы тұрғыдан қабылдағаны жөн. Екіншіден, құрамында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сағындық Досжанұлы және Елдес Омарұлы бар ұйымдастырушы топ «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдап, елде қалыптасқан саяси жағдайды талқылау мақсатында өткізілмек жалпықазақ съезіне ел ішіндегі осы мәселеге ықыласты деген тұлғаларға шақыру жолдады. Арнайы шақыру ел ішінде беделді және белгілі деген адамдарға жіберілді, сондай-ақ оған қатысуға ынталы кісілерге де ешқандай шектеу қойылған жоқ. 1917 жылғы қазақ қоғамы жағдайында жалпыұлттық жиынға өкілдер шақырудың басқа тиімді жолын ойлап табудың өзі де мүмкін емес-тін. Уақыт өте аз, бұған қосымша ел ішіндегі байланыс құралдары тым әлсіз еді. Съез қоғамның күрделі де ауыр тарихи кезеңде тұрғанын, ал ел ішіндегі алалықтың, ауызбіршілікке бастамайтын өзара кикілжіңнің мұндай жағдайда қауіпті екенін ескере отырып ұлтты бірлікке шақырды, осы мазмұнда ұлтқа үндеу даярлап, оны газет арқылы қоғамға жеткізуді М.Дулатұлы мен А.Байтұрсынұлына тапсырды. Осы келтірілген фактілік материалдар ұлттық тұтастыққа, бірегейлікке ұмтылыстың, сол арқылы өмірдің жаңа сапасына өту әрекеті болатын. Ал енді съездің осы тұрғыдан атқарған міндетіне көз жұмып, оны қоғамды кейінге тартқан бай-феодалдардың жиыны ретінде көрсету, әрине, тарихи фактіні жай бұрмалап түсіндіру ғана емес, халықты, әсіресе кейінгі ұрпақты саналы түрде шатыстыру, оны табиғатына жат арнаға салу әрекеті болатын.

Қорыта айтқанда, Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлері туралы тарихи шындық салтанат құрып, Алаш идеясының ұлт болашағын анықтау ісіне белсенді түрде атсалысуы бәрімізге пайдалы болмақ».

Иә, Алаш тақырыбын терең зерттеп, тарихи шындықты санасы тәуелсіз өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат етіп жүрген ғалымдарымыздың еңбегі ерен. Бәлкім, өткенді қозғаудың қажеті қанша, одан да болашақты ойлау керек дейтіндер бар шығар. Бірақ, тарихи сана қалыптаспай, іргелі ұлтқа айналу мүмкін емес екені дәлелденген дүние. Сондықтан, Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай тарихымызды бір түгендеуді, Алаш мұрасын игеруді тапсырып отырғаны тегін емес.


Соңғы жаңалықтар