Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың есімі мектепке берілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың есімі мектепке берілді. 

Енді Сарқан ауданының  Қарғалы ауылындағы білім ордасы  қоғам қайраткерінің есімімен аталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 мамыр Мұхамеджан Тынышбаевтың туған күні. Игі іс Алаш қозғалысының 100 жылдығына тамаша тарту болды, дейді арда тұлғаның шөбересі Майгүл Құрманғалиева. Ол бастаманың жүзеге асуына ықпал еткен жандарға шексіз ризашылығын білдірді. Бұған дейін Қарғалы  деп аталған мектепте  бүгінде 281 оқушы білім алып жатыр.


Мамандардың айтуынша, Алаш қайраткерінің есімін иеленген мектеп оқушылары  болашақта "Тынышпаевтану" ісіне атсалыспақ. Олар туристік маршрут жобасын қолға алды. Яғни Мұхамеджан Тынышбаевтың табаны тиген аймақтардың сызбасын жасамақ. Бұл өлкедегі тарихи туризмді дамытуға жол береді. Ал тұлғаның ұрпақтары осынау бастаманың барлығына қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ ауылда тарихшы, ағартушы, қазақтан шыққан тұңғыш темір жол инженері, Алаш зиялысының  туған күніне орай, волейболдан облыстық турнир ұйымдастырылды. Шарада 22 топ бақ сынады. Олардың арасында Алакөл, Ақсу аудандары мен Талдықорған қаласының командалары бар. Енді ұйымдастырушылар бұл шараны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.  


Соңғы жаңалықтар