Алаш арыстарының мұрасына арналған республикалық конференция өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында «Алаш ұстанымы - ұлт мұраты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында танымал тарихшы ғалымдарды Тараз төріне жинаған ауқымды шараны облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы елімізде Алашорда ұлттық үкіметінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткен болатын. Бұл бағыттағы іс-шаралар легі әлі де жалғасып жатыр. Өйткені, Алашорда ұлттық үкіметі 1917 жылы құрылғанымен, Алаш арыстарының ең маңызды саяси шешімдері 1918 жылы қабылданған еді. Осыдан тура 101 жыл бұрын, Орынбор қаласында, І-жалпы қазақ құрылтайы дәл осы күні басталған болатын. Сол құрылтайда, 12 желтоқсан күні Алашорда үкіметі жарияланып, алаштықтар барша қазақтан сүйінші сұраған болатын. Міне, арада 101 жыл өткен соң сол Алаш арыстарының ұрпақтары Әулиеата төріндегі конференцияда бас қосып отырмыз. Бұл да бір тарихи сәйкестік деп айта аламыз», -  деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали.

Шараға арнайы келген алаштанудың негізін қалауға атсалысып жүрген  ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді сол кездегі қазақ қоғамының жағдайын, Алаш зиялыларының азаттық жолындағы ұстанымдары жайында баяндады. Ол Алаш арыстарының сол кездегі айқын ұстанымы, ұлттық идеясы ғасыр өтсе де маңыздылығын жоймағанын жеткізді.

«1917 жыл қарсаңында қазақ қоғамы ұлт-азаттық қозғалыс арнасында тұрды. Ал қазаққа керегі - ұлттық еркіндік, ұлттық тәуелсіздік, ұлттық мемлекеттілік болатын. Сол кезде Әлихан Бөкейханов «Бізге тәуелсіздік үшін күрес жағдайында тапқа жіктелу зиянды. Тапқа жіктелсек, өзара соғысқа кетсек, азамат соғысына кірсек, онда біз азаттықпен қоштасамыз» деді. Сол кездегі қазақ қоғамы үшін осы тұжырым - жалғыз дұрыс ұстаным еді», - деді профессор.
null 

Сондай-ақ, конференция барысында бірқатар тарихшы ғалымдар Алаш тарихы мен ұлт зиялыларының өміршең идеялары туралы тереңнен қозғап, тағылымды мәліметтер мен орамды ойларын ортаға салды.


Ғибрат Сембай

 

Соңғы жаңалықтар