Alarko Holding Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды іске асырмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов түріктің Alarko Holding компаниясының президенті Йылдыз Умит Нуримен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуде энергетика, теміржол және автожол құрылысы, су тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу және т. б. салаларда жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Үкімет басшысы бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысып жатқан Alarko Holding-тің жұмысы Қазақстан үшін маңызды екенін атап көрсетті. Қазіргі уақытта Алматы облысында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу жөніндегі жоба сәтті аяқталуда.

«Менің білуімше, компания босаған білікті ресурсты, техника мен жабдықтар паркін Қазақстан аумағында басқа да жобаларды іске асыру үшін пайдалануға дайын. Біз ынтымақтастығымыздың келешегін егжей-тегжейлі талқылауға дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр еліміздің өзекті инвестициялық пулында экономиканың түрлі салаларындағы 850-ге жуық перспективті жоба бар екенін айтты.

Өз тарапынан Йылдыз Умит Нури аталған пулды мұқият талдауға, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әлеуетті жобалардың түпкілікті тізбесін пысықтауға дайын екендігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша келіссөзді жақын арада жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар