Аламан марафон: 15 желаяқ Нұр-Сұлтаннан Оралға жолға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздің 30 жылдығына арналған аламан марафонға қатысатын 15 тәжірибелі желаяқты елорда тұрғындары сәт сапар тілеп, шығарып салды. Символикалық мәнге ие 2021 шақырым жолды марафоншылар 8 күнде жүгіріп өтпекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыстың көзі қырауда екі мың шақырымнан астам қашықтықты жолсызбен жүгіріп өтуге бекінген тәуекелшіл топты шығарып салу үшін елорда тұрғындары шыңылтыр аязға қарамастан көп жиналды. Мемлекеттік рәміздер алаңындағы шара кішігірім мерекелік концертке ұласып, рухты сөздер мен ақ баталар айтылды.

Марафоншыларға ақ жол тілей келгендердің арасында Олимпиада чемипоны Серік Сәпиев те болды.

«Осы шараға бастамашы болған Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиевке алғыс айтқым келеді. Бұл араға саламатты өмір салтын ұстанатын отандастарымыз жиналып отыр. Тек ұстанып қана қоймай, бүгінгі әрекеттерімен насихаттап жатыр десек те болады. Спортшы ретінде дене шынықтырып, спортпен шұғылданатын адамдардың қатары көбейіп жатқанын көру жанға жағымды. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлуді тапсырғанын бәріміз білеміз. Бүгінгі шара да сол ұстаныммен үндеседі. Бұқаралық спорт дамығанда ғана арамыздан чемипондар көптеп шығады. Өзім бұл марафонға қатыспасам да, қолдау білдіру үшін келіп тұрмын», - деді боксшы.


Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, Nur Otan партиясы, Ақпарат және қоғамдық даму, Ішкі істер, Мәдениет және спорт министрліктері, елорда әкімдігі қолдау білдіріп отыр.

Ал Stroiklass құрылыс компаниясы аламан марафонға демеуші ретінде атсалысуда.

Марафоншыларға жиналған қауым атынан ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Абай Тасболатов лебіз арнады.

«Осындай кең байтақ жерді кешегі бабаларымыз күші мен рухы биік болғандықтан, мықты мінезбен қорғай алған. Бүгінгі марафонға қатысушылардың арасында 62 жастағы азамат та бар. Батыр бабалардан қалған рухтың арқасында мынадай аязда 2000 шақырымды күн, түн демей жүгіріп өтуге бекініп отыр. Қауіпсіздік шартына қайшы болғандықтан асфальт жолмен жүгіруге рұқсат берілген жоқ. Сондықтан батырлар Оралға дейін ауыл-ауылдың арасымен жүгіріп жетпекші. Кей адамдар көлікпен қатынауды қиын көретін шалғайға бұлардың жаяу аттанғалы отырғанын батырлық деп есептеу керек», - деді ол.

Бүгін елордадан шыққан марафоншылар Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе қалаларын басып өтіп, Оралға 8 күнде жетеміз деп отыр. Ұрандары – «Аяңмен де, көлікпен де 1 шақырым да жүрмейміз».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аламан марафонның маршрутында табиғи кедергілер мен қиын асулар да кездеседі. Мұны олар Тәуелсіздіктің 30 жылындағы тәуекелдер мен қатерлердің символы ретінде таңдаған екен.

15 желаяқтың ішінде мемлекеттік қызметшілер де бар болып шықты. 62 жастағы Талапнұр Байзақ саламатты өмір салтын ұстанып келе жатқанына 40 жылдан асқанын айтады.

«Бұған дейін елордадан Алматыға дейін 1270 шақырымды қыстыгүні жүгіріп өткен болатынмын. Бұл жолғы марафон ұзақтығы бойынша одан асып кетейін деп тұр. Марафоншы үнемі бабында болуы керек. Күнде таңғы сағат 6.00-7.30-ға дейін жүгіріп, шынығамын. Жылдың төрт мезгілінде де жүгіруді тоқтатпағандықтан, мұндай ауа райында марафонға қатысу таңсық деуге келмейді. Өзім ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеймін. Stroiklass компаниясының спортқа әуес жігіттерімен бірге жүгіретін едік. Марафон туралы солардан естіп, қатысуға бел байладым», - дейді Талапнұр Байзақ.

Марафон маршрутына кірген елді мекендер марафоншылардың алдынан шығып, құрмет көрсетіледі деп күтілуде.



Соңғы жаңалықтар