Алакөлге жететін көл жоқ - Роза Рымбаева

None
None
АЛАКӨЛ.ҚазАқпарат - 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанған Роза Рымбаева туристерді Алакөлге демалуға шақырды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отандық туризмді қолдап, Алакөлде демалуды дәстүрге айналдырған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі көлдің  шипалы суына тәнті екенін жеткізді. Ол Алакөлдің жағалауында тұрып, арнайы видеожазба арқылы демалыстан алған әсерімен бөлісті. 

«Қадірлі қауым. Мен Алакөлдің жағасында тұрмын. Бір жұма демалып, күш жинап, Алматыға қайтайын деп тұрмын. Алакөлге келіңіздер, бұл біздің қазағымыздың байлығы. Алакөлге жететін су жоқ. Көл жоқ. Теңіз жоқ. Бұл жер ауыл. Цивилизациядан дем алып, ауылдың түтінін, ауылдың шаңын, ауылдың ауасын жұтып, күш жинап, Алматыға қайтып барамын. Алакөлге келіңіздер, рахатын көріңіздер»,  - деді Роза Рымбаева.

Ал Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Айжан Иманасова Роза Рымбаева жылда Алматы облысындағы Алакөл жағалауында демалатынын жеткізді.

«Танымал әнші Роза Рымбаева биыл 15-ші тамыздан бастап демалды. Ұлы Әли де бір ай бұрын ғана көлге келген болатын. Негізінен Роза Рымбаева біздің ауданның келіні ғой. Марқұм Тасқын Оқапов Жайпақ ауылының тумасы. Сондықтан да болар,  Роза ханым жылда Алакөл ауданына келіп, жергілікті тұрғындарға концертін қойып, халықты шат-шадыман көңілге бөлеп, қуантып тұрады», - деді  Айжан Иманасова.

Жалпы Алакөл ауданы басшыларының мәліметінше, қазірдің өзінде көлге келген демалушылар саны 1 млн-нан асқан.



Фото: mtdata.ru

Соңғы жаңалықтар