Алакөлге келетін туристердің санын 1 миллионға жеткізудің амалдары қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алакөлге келуші туристердің санын 1 миллионға жеткізу жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл жөнінде ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алакөлде қатты жел болды. Ол жерде осынау табиғи құбылыстардың ахуалы қиын болып жатыр. Көлдің жағасы жайылып барады. Сол себепті, инфрақұрылымдық коммуникация салып жатырмыз. Ал енді аз болса да, желдің салдарын аз уақыттың ішінде жөндеп береміз», - деді Даниал Ахметов.

Облыс басшысының айтуына қарағанда, Алакөлге екі жылдың ішінде 5,2 млрд теңгенің абаттандыру жұмысы жүргізілген.

«Биыл Алакөлге 500 мың халық келді. Үш жылдың ішінде біз осы көрсеткішті 1 миллионға жеткізуіміз керек. Ол үшін не істелуі тиіс? Ендігі жылы абаттандыру жұмысын тағы да жалғастырамыз. Тағы да абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Үлкен мұражай бой көтереді. Сонда осы Алакөлде бірқатар мәселелер шешілуі керек», - дейді ол.

Аймақ басшысы өз сөзінде келесі жылы Алакөлдің жағасы бұдан да жақсара түсетінін тілге тиек етті.

«Ондағы бақ үш есе ұлғаяды. Адамдар үшін спорттық аллея да сол жерде салынатын болады. Сонымен бірге, Үржар қаласындағы әуежайға жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжат жұмыстарын реттеу басталады. Бұл ретте біз туризмнің бірнеше бағытын дамытуымыз керек. Келесі жылдан бастап ол жерде «Алакөл-2019» фестивалі ұйымдастырылады. Онда спорттық сайыстар өткізіледі», - деді өңір басшысы.

Даниал Ахметов сонымен бірге, Елеке сазынан табылған «Алтын адамның» макеті сол жерге қойылып, келген туристерге Шығыс Қазақстанның бай тарихы көрсетілетінін атап өтті.

«Осылайша, біз үш жылдың ішінде Алакөлге 1 миллион туристі тартатын боламыз», - деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар