Алакөлге баратын туристер санының азаюына не себеп

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алакөл жағалауына демалуға барғысы келетіндер көп, бірақ жол нашар. Демалыс орталықтарының иелері осындай шағымдарды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жиі жолдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтуларынша, сапалы жолдың жоқтығына байланысты Алакөлге жеке көлікпен барудың машақаты көп. Ал Үржар және Үшарал әуежайы жөнделіп жатыр. Тиісінше, рейстер тоқтатылғаны белгілі. «Інжу» және «Arasan Alakol» демалыс базаларының иесі Елена Асылбекованың пайымынша, сын көтермейтін тасжолдардың кесірінен туристер саны азаюы мүмкін.

«Үржар және Үшарал әуежайлары жөндеуге байланысты жабық тұр. Бастапқы жоспар бойынша, Алматы-Өскемен тас жолын салу жұмыстары 2020 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ ол тоқтатылды. «ҚазАвтоЖол» компаниясы демалыс маусымында жол сапасын қадағалап отыруға уәде еткен. Алайда, міндетін орындамады. Мен бірнеше күн бұрын Алматыға келдім. Қабанбай мен Көлбай ауылдарының арасындағы жолдар шұрық-тесік, шаңы шығып жатыр. Өкінішке қарай, пойыздарға билет жоқ. Барлығы алдын ала сатылып кеткен», - деді Елена Асылбекова.

Оның айтуынша, Алакөлге ең көп турист өткен жылы келген. Пандемияға байлансты шет мемлекеттерге шығуға қойылған шектеулер ішкі туризмге едәуір пайда әкелген. Ал биыл Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерге саяхаттау мүмкіндігінің болуы – отандық демалыс орындарына теріс әсер етіп отыр.

«Алакөлдегі демалыс базалары көп турист болады деп күткен уақыттың өзінде орталықтар 30-50 пайызға ғана толып тұр. Тек шілде айының ортасынан бастап демалушылар саны өсе бастады. Алакөлде туристердің мұндай аз болуы бұрын-сонды болған емес», - деп мәлім етті Елена Асылбекова.

«Атамекен» ҰКП болса, мәселенің шешімі ретінде көлік жолдарының сапасын жақсартып, логистиканы дамытуды ұсынып отыр.

«Пандемия ішкі туризмнің дамуына оң әсер етті. Біз қазақстандықтардың Бурабай, Алакөл, Ақтау, Түркістан, Баянауыл және өзге де ел ішіндегі демалыс орындарына баруға ниетті екенін байқаймыз. Бірақ осы жоғары сұранысқа қарамастан, көлік логистикасында мәселелер туындайды. Мәселен, ұшақ билеттерінің қымбаттауы, Алакөл бағыты бойынша орындалатын әуе рейстерінің болмауы, салынып бітпеген жолдар және пойыз билеттерінің тапшылығы туристер ағынына теріс әсер етеді», - деді «Атамекен» ҰКП баспасөз қыметі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына орай.

Әзірге Алакөлге ұшақпен бару мүмкіндігі болмай тұр. Өйткені, Үшарал және Үржар әуежайларындағы жөндеу жұмыстарын мердігер ұйымдар уақтылы орындамай, оларды ашу мерзімі кейінге шегерілді. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жергілікті атқарушы органдарға қос әуежайды қалыпқа келтіру жұмыстарын тез арада аяқтауды тапсырды.

Ал Үшарал және Үржар әуежайларына субсидияланған рейстерді ұйымдастыру жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып қойған Ол үшін қажетті қаржы бөлініп, рейстерді орындайтын авиакомпаниялар да анықталған.

Әуежайлар қызметі іске қосылған жағдайда орындалатын рейстер: Үшарал-Алматы және Үшарал-Нұр-Сұлтан бағытында жолаушыларды «SCAT» авиакомпаниясы тасымалдайды. Рейстер жазғы маусымда аптасына 14 рет, ал қалған мезгілдерде аптасына 7 рет орындалады. Билет құны – 15-16 мың теңге болады.

Сондай-ақ Үшарал-Талдықорған бағыты бойынша жолаушыларды «Жетісу» авиакомпаниясы тасымалдайды. Ол жазда аптасына 28, ал қалған мезгілдерде 14 рейс орындайды. Бұл бағытқа «L-410» ұшақтары ұшады. Билет құны – 8 мың теңге.

Үржар-Алматы және Үржар-Нұр-Сұлтан бағытында «Южное небо» авиакомпаниясы қызмет көрсететін болады. Аталған бағыттарға рейстерді «Ан-24» ұшағы орындайды. Рейстер жазғы маусымда аптасына 10 рет, ал қалған мезгілдерде аптасына 5 рет жасалады. Билет құны – 14-16 мың теңге болады.

Үшарал және Үржар әуежайларын уақытша жабу кезеңінде Алакөл жағалауына жету жолы ретінде қосымша пойыздар қарастырылған. Алакөл аймағына дейін мына бағыттағы пойыздар жүреді:

Алматы-Алакөл:

№221/222 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;

№ 255/256 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;

№ 211/212 «Алматы-2 – Достық», аптасына 2 рет;

453/454 «Алматы-2 – Достық», жаз мезгілінде аптасына 3 рет;

Нұр-Сұлтан-Алакөл:

№ 258/257 «Нұр-Сұлтан – Достық», жаз мезгілінде аптасына 2 рет;

№ 54/53 «Нұр-Сұлтан – Достық», аптасына 2 рет;

№ 121/122 «Нұр-Сұлтан – Семей» пойызына 6 тіркемелі вагон жалғанады. Ол жазғы маусымда күнара қатынайды.

Нұр-Сұлтан-Семей:

457/458 «Семей – Достық», жаз мезгілінде күнара;

459/460 «Өскемен-Достық», жаз мезгілінде күнара.


Ашы қ к ө здерден алын ғ ан фото



Соңғы жаңалықтар