Алакөлдің шығыс жағалауын абаттандыруға 4 млрд теңге бөлінді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстандағы Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл осы мақсатта 3,9 млрд теңге жұмылдырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, көл жағалауының инфрақұрылымы жақсартылды. Алайда кей кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын заман талабына сай орындамай отыр. Аймақ басшысы Даниал Ахметов арбатты аралап, жағалаудың бас көшесіндегі құрылыс талаптарына сәйкес келмейтін дүңгіршектерді алып тастауды тапсырды.

«Өткен жылмен салыстырғанда, мұнда өзгеріс көп. Мен әрдайым кәсіпкерлерге көңіл аударып, осында келетін туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсету керектігін айтып келемін. Бизнесмендер түрік жағалауларымен бәсекелес болып, қызмет көрсету сапасын әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізуі тиіс. Қоғамдық тамақтандыру саласымен айналысатын кәсіпкерлер мол пайда табады. Соған қарамастан демалыс орнында жоғары талапқа сәйкес келетін бірде-бір мейрамхана немесе дәмхана жоқ. Орталықта орналасқан тамақтандыру орындарының иелері абаттандыру туралы, қызмет көрсету сапасы жөнінде ойланбайды. Өйткені олар адамдардың бәрібір өздеріне келетінін біледі», - деді ШҚО әкімі.

Көл жағалауында 345 кәсіпкерлік нысан орналасқан. Оның ішінде 11,5 мың төсек-орындық 175 демалыс үйі, 36 қоғамдық тамақтану орны, 27 дүкен, 104 дүңгіршек, 3 дәріхана бар.

Биыл 8 жаңа демалыс орны салынып, 11-і аумағын кеңейтті. Сөйтіп, қосымша 650 төсек-орын пайда болды. Сондай-ақ, 200 орындық «Alakol love» туристік кешенінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша екі жоба қолға алынған. Жоба аясында су және электр желілері тартылады.

Жалпы аумағы 2,5 шақырымды құрайтын веложол мен 5 жаңа модульді сауда павильондарының құрылысы аяқталды. Биыл көл жағалауында жаңа туалеттер, киінуге арналған кабиналар, құтқарушы бекеттері салынбақ. Келушілердің демалысын қызықты өткізу мақсатында сахна, би және аквасаяжай бой көтереді.

«Үржардағы әуежайда қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұшу-қону жолағы ұзартылады. Осы бағыттағы жұмыстар келер жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бізге Үржар ауылын абаттандыру да маңызды. Өйткені бұл жер демалыс орындарының астанасы. Үржарды абаттандыруға 2,2 млрд теңге бөлінеді. Үш жылдың іщінде бұл аудан ерекше көркейтілмек», - деді Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Алакөлдегі демалушылар арасында коронавирус анықталмаса шектеулер алынатындығы хабарланған.

Соңғы жаңалықтар