Алакөлдің 13 км жағалауы қауіпті күйде тұр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының Алакөл ауданы Көктұма ауылындағы көл жағалауын бекіту жұмыстары тұралап тұр. Облыс әкімі мәселе мердігердің жауапсыздығынан болса, келісімшартты бұзу қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мердігермен келісімшарт жасасқан облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне қарағанда, 13 шақырымға белгіленген бекіту жұмыстарының 3 шақырымы Көктұма ауылынан өтеді. Мердігердің жауапсыздығынан жұмыс тоқтап тұр. Осы жұмысқа биыл 500 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. Жағалауды бекітуге қажетті материалдар жеткізіліп жатыр. Жуырда жұмыс қайта жанданбақ.

«Екі жылда нәтиже жоқ болса, оның үш себебі болуы мүмкін. Не мемлекеттік орган жобаны дұрыс дайындамаған, не қаржыландыру кешеуілдеген, не мердігердің жауапсыздығынан болып отыр. Ал мердігер жауапсыз болса, келісімшартты бұзу қажет. Ең алдымен, дұрыс мердігерді анықтау керек. Мамыр айы басталуға жақын, ал олар әлі материал дайындап жатыр. Бұлай болмайды, келесі дүйсенбіде бүкіл құжаттарды алдыма алып келіп, жағдайды баяндайсыз. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда болады» , - деді Қанат Бозымбаев облыстық құрылыс басқармасының басшысына.

Мәселені облыс әкімінің ауданға сапары барысында ауыл тұрғыны көтерген болатын. Айтуынша, Алакөлдің жағалауын бекіту жұмыстары 2020 жылы басталған. Бар жасалғаны - 800 метр ғана, соның ішінде Көктұмаға тиесілісі - 200 метр. Ал, көл суы болса ауылдың бір көшесін алып, екінші көшенің 500 метр жолын шайып кеткен.

Бұған дейін хабарланғандай, Алакөлде биыл 1,5 млн жуық адам демалады деген жоспар бар. Жаңа демалыс маусымында Алакөлге жақсартылған пойыз вагондары қатынайды.



Соңғы жаңалықтар