Алакөлдегі демалыс орындарына келушілер саны азайтып көрсетіледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Алакөлдің бойындағы демалыс орындарының иелері салықты табысына сай төлемей отыр. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов әкімдіктің аппарат кеңесінде осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, демалыс орындарына келушілердің саны саналы түрде азайтып көрсетіледі. Салық органына өткен жазда барлығы 97 мыңнан астам келді деген ақпарат берілген. Басқарма бұл ақпараттың жалған екенін өзге дерек көздері арқылы дәлелдепті.

«Біз ұялы байланыс операторлары арқылы жаз маусымында Алакөлдің аумағында қанша абонент  болғанын анықтадық. Олар ұсынған ақпарат бойынша бір жазда 378 мың адам келген. Осыдан-ақ демалыс базалары ақпаратты қаншалықты бұрмалағанын көруге болады» - деді Марат Қабақов.

Облыс басшысы Даниал Ахметов Алакөлді еліміздің туристік брендіне айналдыру үшін мемлекет қанша күш салып жатқанын атай келе, кәсіпкерлерден соның қайтарымы болу керектігін қозғады.

«Сіз айтып отырған 378 мың адамға телефон ұстамайтын балаларды қосыңыз. Сонда бір жазда біздің Алакөлге 500 мыңнан астам келеді деген сөз. Бір ғана Алакөлде туристік маусым кезінде 11,5 млрд теңгенің айналымы жүретінін анықтадық. Ал содан түскен салық мөлшері 24 млн теңге ғана. Ең төменгі үш пайыздық мөлшермен есептегеннің өзінде бюджетке 330 млн теңгеден астам салық төленуі керек болған. Яғни, демалыс орындары салықтан жалтарып отыр. Бұқтырма су қоймасында да осындай жағдай бар.  Бұл сорақылық туралы халық та білуі керек. Мемлекет жасаған жағдайдың қайтарымын жерлестері қалай өтеп жатқанын білсін», - деді аймақ басшысы.

Марат Қабақовтың айтуынша, облыстағы туристік орындардан берілген 1005 жер телімі мақсатына сай қолданылмай отыр. Бұқтырма су қоймасында 644 телім, Сібе көлдерінде 261 телім, Алакөлде 100-ден астам телім басқарманың жіті бақылауына алынған. Ал жол бойындағы 230 сервистік нысанның тоғызы ғана талапқа сай болып отыр.

Соңғы жаңалықтар