Алакөлде суға бата жаздаған 16 адам құтқарылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Биыл Алакөлдің Алматы облысындағы аумағында суға батып кете жаздаған 16 адам құтқарылды. Алматы облыстық ТЖД қызметкерлері суға шомылу маусымының ең қызған шағында Алакөл көлінің жағалауында ауқымды алдын алу іс-шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақши және Көктұма ауылдарындағы демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, жадынамалар таратылды. Адамдар көп шоғырланған жерлерде құтқару және суға батқан адамға алғашқы медициналық көмек қалай көрсету керектігі көрсетілді.


«Сондай-ақ алдын алу акциясы аясында құтқарушылар Көктұма ауылындағы «Шағала» жазғы лагерінде болды. Онда 60 бала демалуда. Балалар құтқарушылар мен лагерь қызметкерлерінің бақылауымен күніне 2 рет көлге шомылады. Облыстық ТЖД аппаратының қызметкерлері кезекті нұсқауды өткізгеннен кейін және суда жүзе алмайтын балаларды анықтағаннан кейін балаларды көлге апарып, жүзуді үйретті», - делінген аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.



Айта кетейік, Алакөлде демалатын туристер саны жылдан жылға артуда. Осыған байланысты Алакөл өңірінің құтқару станциясының қызметкерлері күшейтілген режимге көшіп, жұмыс істейді. Құтқарушылар жүзе алмайтын адамдарға арнайы суға шомылатын балондарсыз көлге түспеуге кеңес береді. Сондай-ақ, ішімдік ішіп, суға түспеуді ескертеді.


«Алакөл өңірінің құтқарушылары осы жылы 16 адамды құтқарды. Суға батқандардың біреуі — бала. Алакөлде адамдардың қаза болуы тіркелген жоқ», - деп толықтырды облыстық ТДЖ баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар